Бүгін – 1 маусым, халықаралық балаларды қорғау күні! Алғаш 1950 жылы 51 елде тойланған бұл мереке – балалардың көңіл күйін көтеріп, ойнатып, күлдіріп, қуантып, ең бастысы қоғамдағы рөлі мен құқығын арттыруға арналған. Әлем бойынша тойланатын бұл атаулы күн әр мемлекеттегі балаларға қатысты мәселелерді еске салатындай. Мәселен, балалар үшін Еуропа мен Америкадағы теледидар мен ғаламтордың кері әсері мәселе болса, Африка мен Азияда балалардың аштыққа ұшырап, әртүрлі әскери қақтығыстар әсерінен көз жұмуы алаңдатып отырғаны мәлім. Ал біздегі мәселе ретінде – соңғы уақыттағы балалар қауіпсіздігінің төмендеуі мен ата-ана салғырттығын айтуға болады.
Көпшілік біле бермейтін дүние –халықаралық балалар күніне арналған арнайы ту бар. Оның түсі – жасыл. Ол өсуді, балғындық пен үйлесімділікті паш ететіндей. Ал тудың ортасында жер мен оны қоршаған түрлі түсті адамдардың бейнесінің де өз мәні бар. Яғни әртүрлі адамдардың бір жерде бірігуі, балалардың ынтымақ, бірлікке толы әлемде өмір сүруі деп айтуға болады.
Ал бұл мереке өзге елдерде қалай тойланады?
Мысалы, Панамада бұл мереке 17 шілдеде тойланады. Мұндағы ерекшелік – бұл күні ақылға қонымды тұрғыда билік балалардың қолына беріледі. Ол баланың қарым-қабілетіне сай анықталады. Егер бала жақсы оқыса – ұстаз, емдеуді ұнатса – дәрігер және т.б. бола алады. Бұл күні Панамалық балаларға толық еркіндік беріледі. Ал Бакуде бұл айтулы мерекеде қан тапсыру акциясы өтеді екен. Ол лейкоз, талассемия, гемофилиямен ауыратын балаларға донорлық көмек көрсету мақсатында іске асады. Ал кейбір елдерде 20 қараша – Бала құқықтары туралы конвенция бекітілген күн. Дәл осы күн «Балалар күні» болып есептеледі.
Сіз білесіз бе?
2021 жылғы дерек бойынша, елімізде 18 жасқа толмаған 6,1 млн бала бар;
Кейбір елдерде нәрестенің туған күні оның дүниеге келген күнімен саналмайды. Анасының құрсағында өмір сүрген тоғыз айы да баланың жасына қосылады. Мысалы, бұл Кәріс халқында қалыптасқан.
Ал Сейшел аралында балалар күні тек бір күн емес, толық бір ай тойланады екен. Біз де 1 маусымда ғана емес, бүлдіршіндерімізді күн сайын қуантып, әркез қорғап жүрейік! Балақайлар, мерекелеріңмен!
Жібек Құдайбергенова