Алматы қаласында саясатанушы Асхат Қасенғали мен журналист Нұргелді Әбдіғаниұлы «Жас бақылаушы» жобасына арналған конференция өткізді.
Бүгінде 5 маусымда өткізіледі деп күтілген конституцияны өзгертуге бағытталған референдум қоғамда қызу талқылануда. Әрі осы сяси науқанға белсене ат салысып жатқандар да, болмаса бұған сенімсіздік танытып жатқандар да бар. Араға 27 жыл салып, екінші мәрте өткізіліп жатқан референдумды бақылуды жөн санаған бақылаушылар тобы қатарын «Жас бақылаушы» атты ұйыммен толығып жатыр.
Бұл референдумда ел концитутциясының 33 бабына енгізілген өзгеріс халықтың таңдауына түседі президент Тоқаев өз өкілеттілігін шектейді делінгенімен бұған көптеген саясаткерлер мен белсенді азаматтар сенімсіздік танытып келеді. Алайда 2019 жылғы Президент сайлауы кезінде сайлау кезіндегі учаскелеріндегі заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында құрылған тәуелсіз бақылаушылар ұйымы қатарын көбейтіп келеді.
Асхат Қасенғали:
- Бұл жобаны бастаған себебіміз, жастарды саяси науқандағы бақылаушылыққа тарту. Еліміздің жас азаматтары мен азаматшалары саяси науқан процесінің қалай өтетінін көрсін, ең бастысы-референдумның әділетті өтуіне үлесін қоссын деген ниетпен жобаны «Жас бақылаушы» деп атадық. Қазіргі таңда жобаны жүзеге асыру қарқынды жүргізіліп келеді. Тоқсанға жуық жасты жобамыздың аясында оқытып шығардық. Әлі де оқытамыз.
Бізде 5 маусымға дейін уақыт бар. Сондықтан біздің қатарымызға келіп қосылып, бақылаушылыққа өзінің үлесін тигізуге ниеттеніп отырған жастар болса біздің есігіміз ашық. Қуана-қуана қарсы аламыз. Бізге сенім білдірмей жатқан азаматтар болса, келіп көріңіздер дегім келеді. Сіздерді де қабылдауға дайынбыз.
Алайда бір нәрсені ескеру керек. Бізде қаржылық қамтамасыз ету мәселесі шешілмеген. Осы уақытқа дейін құр қол отырмай, әріптесім Нұргелді және идеямызды қолдаушы достарымыз кәсіпкерлерге, компанияларға демеушілік беруге қатысты хат жаздық. Шынын айту керек, барлық хаттарға жауап келмеді. Кейбір хаттарға келген жауаптарда сәттілік тілегендер болды. Бірақ нақты қаржылық қолдау көрсете алмайтындарын жеткізді. Қаржылық қамтамасыз ету мәселесінде осындай қиындықтар туындап тұр. Сондықтан бақылаушыға қандай да бір қаржы төлейміз деп айта алмаймыз. Түсінеміз, капиталистік заманда адам алтын уақытын бөліп қызмет еткен соң, оның еңбегіне сай жалақысы берілуі керек деп ойлаймын. Бұл нарықтық қоғамдағы дұрыс түсінік. Алайда біз қаржы мәселесін шеше алмағандықтан, бақылаушыға қаражат бере алмайтынымызды нақты айтамыз. Бізде ондай мүмкіндік әзірге болмай тұр. Бірақ сіздерге ерекше есте қаларлық күн мен мемлекеттік маңызы бар саяси науқанға қатысу мүмкіндігін сыйлай аламыз деп анық айта аламын. Кейбіріңіз көнесіздер, кейбіріңіз көнбейсіздер. Бұл әркімнің өз құқығы. Келіспейтін жастарға да алғысымыз шексіз. Себебі, осы жобаға қызығып, келіп, әр нәрсені детальді түрде анықтап сұрап жатқандарына дән ризамыз.
Нұргелді Әбдіғаниұлы:
- Жоба аясында нақты қанша бақылаушы дайындап шығатынымыз әзірге белгісіз. Бұл бізге «Бақылаушы болам», деп талаптанып келген жастардың санына байланысты болмақ. Әрі орталық сайлау комиссиясымен де жұмыс істеу маңызды. Өздеріңіз білесіздер, осы уақытқа дейін өткен сайлаулардың бәрі әділетті деп айта алмаймыз. Сондықтан алдағы референдумға халық сеніңкіремейді. Бұл түсінікті жағдай. Өз тарапымыздан да сенімсіздік бар. Осы көңілдегі күдікті сейілтуді қолға алып, дауыс беру барысында заң бұзушылықтар мен айла-шарғыларға жол берілмеу үшін біз жастарды бақылаушылыққа тартып отырмыз. Қазір 90 бақылаушы даярлықтан өтті. Тағы да қатарымызға келем деушілер болса, құба-құп болар еді. Сондықтан қатарымызға қосылам деушілер болса немесе референдум күні бақылаушылардың жол-пұлын, тамақ пен суын қамтамасыз етем деуші демеушілер болса біздің есігіміз әрдайым ашық.
Ешқандай демеушілік болмаған күннің өзінде біз қолға алған жобамызды іске асыруға мүдделіміз. Жобаның қамтитын аумағы – Алматы қаласы, әсіресе орталық аудандар. Мүмкіндігімізге қарай Алмалы, Бостандық, Әуезов, Медеу сияқты аудандарды көздеп отырмыз. Орталық аудандарда ақпарат тарату жақсы жолға қойылған. БАҚ өкілдері, сайттар, телевидение өкілдері учаскелерге келіп сұхбаттар алса, сюжет түсірсе, біз өзіміздің атқарып жатқан жұмысымыз туралы айтсақ, ол да бір үлкен жетістік болар еді. Ал, жобаны болашағына келсек, келешекте жалғасын табады не болмаса бір реттік қана жоба деп кесіп айта алмаймыз. Барлығы істің барысына, жастардың белсенділігіне, референдум нәтижесіне, Орталық сайлау комиссиясының көзқарасына байланысты болмақ. Егер бастама ойдағыдай өтіп жатса, неге алдағы Парламент сайлауына, Президент сайлауына қатысып көрмеске?.. Елімізде үлкен өзгерістер болып жатыр. Сондықтан бақылаушыларды осындай маңызды істерге қатыстырып көрсек деген ниетіміз бар.
Гүлнұр Алимжанова