«Соғыс бір аптаға, тіпті бір айға жалғасса да Украинаның жеңетініне сенімдімін». Бұндай мәлімдемені бүгін, 7 наурыз күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Антони Блинкен Литвадағы сапары кезінде ортаға салды.
Сенбі күні Брюссельде Еуропа елдеріндегі әріптестерімен кездесуден кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Молдова мен Польшаға сапарлады. Польша шекарасында Украинаның СІМ басшысы Кулебамен де кездесті. «Рейтер» агенттігінің хабарына қарағанда, кездесуде АҚШ пен өзге Батыс елдерінің Украинаға беретін көмегі, қару-жарақ жеткізу мәселелері, сондай-ақ, Ресейді оқшаулау мен күйретуші санкциялар мәселелері талқыланған.
Ал, Кулеба болса Украинаның соғыста жеңетініне сенімді екенін, алайда соғысты тезірек тоқтату үшін өзге әлемнің қолдауына мұқтаждығын жеткізген. Бұған қоса Украина армиясына ең қажет болып жатқан ұшақ және әуе қорғаныс жүйелерінің тезірек берілуін сұраған. Кулеба сөзінде Ресеймен келіссөздердің ешқандай нәтиже бермегенін, бірақ «келіссөзді алға ілгерлету керек екенін» айтқан.
Кулебамен кездесуде Блинкен: «Менің қазір досым әрі әріптесім Украина СІМ басшысымен бірге тұрғанымдай бүкіл әлем де Украинмен бірге тұр», – деген мәлімдеме жасапты.
Бұдан кейін Блинкен Балтық жағалауындағы елдерге сапарға аттанды. Бүгін Литива астанасы Вильнюсте ел президенті Гитанас Науседамен кездесті. Блинкен кездесуде Ресей президенті Путиннің әрекеттері Украина шекарасынан да асып кетуі, өзге Еуропа елдерінің шекарасына да аяқ басуы мүмкін екенін ескерткен.
Блинкен бұл сапарында Құрама Штаттардың Ресейдің агрессиялық әрекеттеріне қарсы Литива мен Украина жағында болатынын баса айтып өткен.