Жаһандық геосаяси жағдай тағы бір күрделі кезеңге өтті. Ресей президенті Владимир Путин Украина шығысындағы өздерін Луганск және Донецк «халық республикасы» деп атаған аймақтардың дербестігін мойындады. Әрі, аталған «елдердің» қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскер кіргізетінін мәлімдеді. Кремль бұл шешімі талайдан айтылып келген соғыс қаупін ең жоғары шекке жеткізді.

Жағдайға байланысты Украина БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін шұғыл отырыс өткізуге шақырды. Ал БҰҰ-дағы Ресей өкілдері болса Донецк пен Лугансктың дербестігін тануға қарсы шыққандарды айыптап жатыр.

Мәскеудің бұл әрекетіне Украина президенті Владимир Зеленский «Минск келісімінен бір тарапты шығып кету» және «Норман төрттігі» келіссөздерінің шешімдерін сыйламау деп бағалады. Әрі ол: «Біз ешнәрседен және ешкімнен қорықпаймыз. Ешкімге ешнәрсеге міндетті емеспіз және ешкімге ешнәрсе бермейміз», – деп мәлімдеме жасады.

Ресейдің Васили Небензя (Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі) ДНР мен ЛНР-дің дербестігін тану Минск келісімін бұзған болып саналмайды деп те мәлімдеді. Оның айтуынша қазіргі басты мәселе соғысты қайтып болдырмау және Украинаның аталған «республикаларға» қарсы арандату әрекеттерін тоқтату маңызды саналады екен.

Қазірдің өзінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде үлкен қайшылық болып жатқаны мәлім. Онда Украина мен Ресейдің БҰҰ-дағы арнай өкілдері қайым айтысқа түсті.

Путиннің кезекті әрекетіне қарсы АҚШ президенті Жо Байден санкция шешімдеріне қол қойғаны айтылды. Алайда, оның баспасөз өкілі Псакидің айтуынша санкция Луганск пен Донецк жерлеріне инвестиция салу және қаржы аударуға қарсы шектеулерге негізделген.

Дегенмен, БҰҰ-дағы АҚШ өкілі «Ертеңнен бастап халықаралық құқықты ашық бұзғаны үшін АҚШ Ресейге қарсы санкция кіргізеді», – деп мәлімдеді. Мәліметтерге сай, бұл санкция АҚШ-тың дербес шектеулері саналады, бұл өзге Батыс елдерінің ортақ қадамдарынан бөлек шектеу шараларын жүзеге асырмақ.

Түркия СІМ тарабы Ресейдің әрекетін «Украина тұтастығына ашық түрде қол салу» деп бағалап, аталған аймақтардың дербестігін танымайтынын жеткізді.

Қытай болса, әдеттегідей Украина мен Ресейді мәселені бейбіт жолмен шешуге і, қақтығысқа жол бермеуге шақырды.

The Qazaq Times