13 желтоқсан сағат 11:00-де Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің кітапханасында тарихымызды жаңғыртып, бүгінгі күнде ақиқатқа айналған тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздігім-тірегім, мәңгіліңді тіледім» атты студенттер мен магистранттардың шығармашылық көрмесі өтті. Салтанатты көрмені ұйымдастырған – журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік-өнер кафедрасы.

Көрменің модераторы болған журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Сансызбай Мәдиев:

«Тәуелсіздік бір қарағанда айтуға да, көруге онай, бірақ оның құны қаншалықты екенін тек тарих қана айтады. Тарихта осы бір тұтам жер үшін ата-бабаларымыз өзінің өмірін қиды. Ұлтты ұл ететін оның тілі мен жері. Осы ата-бабаларымыздың бен тіліміздің арқасында тәуелсіздік күніне жетіп отырмыз. Яғни, біз  әлемде, Азияның кіндігінде көк туымызды желбіреткен қазақ деген ұлт болып, осы күнге жеттік. Оның бақытты ұрпақтары – сіздерсіздер. Бізде оптимистік дүние жетпей жатады. Сондықтан бүгінгі ұрпақ, бүгінгі буын жарқын болашаққа жақсы дүниемен қарауы керек. Бүгінгі көрме – плакат жанрында алғаш рет ашылып тұрған көрме. Біздің журналистика факультетінде өзінің мамандығын қастерлеп, көрсетіп, ҚазҰУ шаңырағында бұл көрменің алғаш ашылуы өте тұтқарлық дүние. Оны біз алға қарай дамыта түсеміз» дей отырып, көрменің мақсаты мен мазмұнын айтты.

Бұл көрмеге келген біраз адамдар өздерінің көрмеден алған әсерлерін ортаға салды. Соның бірі Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақ өнерінің қайраткері, Еуразия шығармашылық медиасының елшісі Мұсабаев Алман қатысушыларға шығармашылық табыс пен шабыт тіледі.

Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі, Қазақстан суретшілер одағы плакат секциясының басшысы Сағи Ақтанов талантты суретшілердің еңбектері бұл көрменде өз үйлесімін тауып тұрғанын жеткізіп,  ұйымдастырушыларға зор алғысын білдірді. «Балалар әдебиеті» баспасының басшысы, баспагер, суретші Шайзада Байкенова: «Болашақта біздің жұмысымызды жалғастыратын студенттердің салған суреттерінің арасында қаріппен жасалған плакаттарды байқадым. Олай жасайтын адамдар өте аз. Сондықтан сендердің жасаған еңбектеріңді қатты ұнаттым, оларға керемет деген баға беремін» деп студенттердің он саусағынан шыққан туындыларын басқаларға үлгі болатынын нық сеніммен айтты.

«Біз қанша көрме көріп жүрміз. 30 жылда сіздердің бірінші рет ашылып отырған осындай көрмеңіз ешкімнен кем емес. Өте керемет көрме, ұнады» деп, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, суретші Болат Хамзин жылы лебізін білдірді.

Қазақстан Суретшілер және Театр қайреткерлері одақтарының мүшесі Мейрамбек Әбжатұлы: «Мереке құтты болсын. Сурет салуды оңай көреді, бірақ оның артында қаншама еңбек жатыр. Біздер қарайған басымыз үшін емес, халқымыз үшін еңбек еттік. Сондықтан тек жазып, салып қана қоймай, соны шығару керек» деп, студенттер дами берсін деген тілекпен өз сөзін аяқтады.

Рухани байлық әлемді құтқарады. Шара барысында ең ерекше деп танылған екі суретшінің жұмыстары болды. Магистрант Жұмашева Жазира мен «Дизайн» мамандығының 4 курс студенті Жұмахметов Жігер бұл салынған плакаттар мен кескіндеме суреттердің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналғанын айтып, таланттарын паш етуге керемет мүмкіндіктер беріп жатқан кафедраға алғысын білдірді.

Қазақстан Дизайнер Одағы мен журналистика факультеті көрмеге қатысқан суретшілерді дипломмен марапаттады. Жалпы көрмеде 40-аса туындылар қойылды. Қазақ елінің тарихы мен мәдениеті, бүгінгі күнде болып жатқан құбылыстың барлығы осы туындылар ішінде орын тапты.

Кафедра меңгерушісі Айгүл Рамазан: «Тәуелсіздікке жеткен ел де бар, жетпеген ел де бар. Жалпы 30 жыл ішінде ол Қазақстанға көп дүние сыйлады. Соның ішінде қазақ өнерінің шарықтап, дамыған бір тұсы дизайн саласының өркендеуі. Осындай көрмелердің өтіп жатуы тәуелсіздіктің бізге әкелген жақсылығы деп есептейміз. Студенттеріміздің таланттары өрлей берсін. Біріншіден, Қазақстандағы мейрамдардың ішіндегі ең ұлылығы Тәуелсіздік мейрамына орай ашылған көрмеге біркісідей атсалысып жатқан қонақтар, студенттер мен оқушыларға  алғысымыз шексіз. Екіншіден, осы мамандықтың ашылып, оның өркеуіне үлес қосып жүрген Бейсенбек Серікбаев пен Жазира Батырхановаға ерекше рахмет айтамын. Көрмелер жалғасты болсын, Тәуелсіздігіміз әр уақытта тұғырлы  болсын» деп шараны корытындылады.

Айжан Хасанова

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 3-курс студенті