Ақ үй тарабы сәрсенбі күнгі баспасөз мәжілісінде, «Карл Винсон» авиаматкасының қозғалыс бағыты туралы алжасулар мен өздеріне қаратқан айып-сындарды елемейтіндіктерін айтты. Ұшақ тасымалдаушы алып кеменің бағыты өзімен одақтас елдерді алжастыру мақсатында өзгертілмегенін айтады. Осыдан бұрын «Карл Винсон» авиаматкасының қозғалыс бағыты туралы әлемде және АҚШ өз ішінде де шатасулар туылған болатын.
Ақ үйдің ресми өкілі Шон Спайсер сәрсенбі күні жасаған мәлімдемесінде: «Ақ үй жоғары лауазымдыларының «Карл Винсон» авиаматкасының орны туралы берген түсініктемесі жұртты шатастыру мақсатында болмаған. Тек олар авиаматканың аталған орынға жетуге кететін уақыт туралы ескермеген. АҚШ президенті осы ауыр әскери техниканың Корей түбегіне бара жатыр деген болатын. Бұл шындық еді, авиаматка аталған бағытқа жол алған немесе бара жатыр – мұндай қандай қателік бар?!», – деді.
Ақ үй жоғары лауазымдысы 9 сәуірде «Карл Винсон» Корей түбегіне аттанды» дегені анық. Себебі, ол кезде Корей түбегі шиеленісі ең қауіпті деңгейде тұрды және Солтүстік Корея ядролық сынақ жасау алдында деп күтілген еді. Алайда, 10 күннен кейін АҚШ қорғаныс күштері аталған ұшақ тасымалдаушы алып кеменің бағытын өзгерткенін жариялаған еді.
The Qazaq Times