Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны тағы 1,4 мыңға артып, жалпы есебі 1 млн 35 мыңнан асты. Бұл салыстырмалы түрде былтырғыдан біршама жоғары. Қараша айының алғашқы декадасында 13,5 мың адам ауырып, 286 адам қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 11 қараша коронавирус (КВИ+) жұққан 1260 адам, ал 10-ы коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 176 адам тіркелді. Сондай-ақ, сәрсенбіде 32 қазақстандық аурудан қайтыс болды. Былтыр дәл осы уақытта ресми статистикада тәулігіне көп дегенде 800-ге дейін науқас және 10 шақты өлім жағдайы тіркелетін, сырқаттар саны 7,5 мың шамасында еді. Қазір бұл көрсеткіш еселеп өсіп отыр, бүгінде елде 36,5 мың адам (КВИ+ бойынша 31,5 мың, КВИ- бойынша 5 мың) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар саны тағы көбейді. Олардың негізгі бөлігі немесе 13%-ы әдеттегідей СҚО (161), 11%-ы Алматы қаласына (146) тиесілі. Аурушаңдық Павлодар (129), астана (121), Жамбыл (15), Түркістан (15), Маңғыстау (6) облыстарында елеусіз деңгейде кеміген. Ал Қарағанды (135), Қостанай (116), Ақмола (98), ШҚО (93), Алматы (83), БҚО (38), Шымкент (32), Атырау (28), Қызылорда (24), Ақтөбе (20) өңірде біршама өскені байқалады. Бейсенбіде аурудан айыққан 2120 адам үйіне шығарылған. 10 қарашада жиыны 28 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы Қарашаның 10-ы ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 152 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, бұл күні Шымкент (26), Ақмола (19), ШҚО (17), Жамбыл (17), Маңғыстау (14), Алматы (10) қаласында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 206 адам айығып шыққан, тағы 4 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 36,5 мың науқастың 6,5 мыңы ауруханада, 30 мыңы амбулаторлық бақылауда. 472 науқастың жағдайы нашар, ондағы 139 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 86 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Эпидкартада «жасыл аймақтағы» Атырау, Түркістан, Маңғыстау, БҚО, ШҚО, Алматы облысы, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан басқа астана, Алматы қаласы, Шымкент, Қостанай, Қарағанды және Ақмола облысы «сары аймаққа» өткен. Басқа екі аймақ (Павлодар, СҚО) әлі де «қызыл аймақта» тұр.
ДенМиннің QT редакциясына берген мәліметінше, індет тараған 2020-2021 жылдары ПТР тесті оң көрсеткен 1407 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық, үндістандық және нигериялық штамдары анықталған.
Биылғы жаз мезгілі қазақстандықтар үшін қаралы хабарға толы болды. Пандемия басталғалы 1,5 жылдың ішінде анықталған барлық аурушаңдық пен өлім жағдайының жартысы тек өткен жазда, төртінші толқында тіркелді. Жазғы үш айда бас-аяғы 420 мың адам ауырса, 6,6 мыңнан аса адам көз жұмды. Қыркүйек айының өзінде 99 мыңдай науқас есепке алынған және 2117 адам қайтыс болған. Ал қазан айында 57 мың ауру және 1078 өлім жағдайы тіркелген. Қараша айы басталғалы 13,5 мың сырқат тіркелді, дерт меңдеген 286 адам өмірден өткен.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 954 мыңнан асса, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 81 мыңға жуықтаған. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 1 млн 35 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемияның бас-аяғы 20 айында жалпы вирус жұққандардан 20,8 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 12 377, КВИ- / U07.2 – 5084, ілеспе аурулардан – 3415) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 37-орынға орнықты.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 7,7 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 8,5 млн-нан асады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 22 қарашадан бастап вакцина алғанына жарты жыл өткендер үшін ревакциянация науқаны жүргізілетінін мәлімдеген.