Қазан айында басқа өңірлерге қарағанда ең көп сырқат тіркелген Алматыда 8 мыңнан аса адамның талдауынан коронавирус анықталған, тағы 150 шақты адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Қазір қаланың 3,8 мың тұрғыны емделіп жатыр. Жуырда ғана саны қысқарған ауруханалардағы төсек-орын қорының 51%-ында науқастар бар.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 24 қазанда тіркелген 231 адамның 219-ы симптом белгілерімен, тағы 12-сі симптомсыз. Сонымен қоса, жексенбі күні 63 адам ауруханаға жатқызылған.
Жалпы қалада сыйымдылығы 2334 орын болатын инфекциялық стационарларда 1205 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 33 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 119 науқас жатыр. 24 адам ӨЖЖ, 66 науқас инвазивті емес ӨЖЖ және 19 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 2653 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.
Өткен сенбіде 5 адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған. Қазан айында 145 алматылық осы дерттен көз жұмған.
Ресми эпидкартаға қарағанда, Алматы қаласы төрт айдан бері алғаш рет сары аймаққа өтті. Маусымның 26-сында қызыл аймаққа енген қалада төртінші толқын өте ауыр сипатта өршіді. Жүздеген адам ауруханаға түсіп, тәулігіне бірнеше ондаған адам көз жұмып жатты.
Бақсарманың мәліметінше, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 987 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 915 мыңы толық дозасын алған. Оның 120 мыңы 60 жастан асқан азаматтар. Қазір 137 егу пункті мен 205 егу бригадасында 733 медқызметкер жұмыс істейді.
Алматы қаласында пандемия басталғалы 183 мыңнан аса адам ауырған, оның 8,1 мыңы қазан айында анықталып үлгерді. Қазір республикада тіркелетін күнделікті есептің кемінде 15-20%-ы Алматы қаласына тиесілі болып отыр.