Қазан айында басқа өңірлерге қарағанда ең көп сырқат тіркелген Алматыда 7025 адамның талдауынан коронавирус анықталған, тағы 140 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Қазір қаланың 3,8 мың тұрғыны емделіп жатыр. Ауруханалардағы төсек-орын қорының 37%-ы толған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 20 қазанда тіркелген 309 адамның 294-і симптом белгілерімен, тағы 15-і симптомсыз. Сонымен қоса, сәрсенбі күні 99 адам ауруханаға жатқызылған.
Жалпы қалада сыйымдылығы 3179 орын болатын инфекциялық стационарларда 1201 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 32 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 133 науқас жатыр. 28 адам ӨЖЖ, 71 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 22 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 2668 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.
Апта басы сейсенбіде 4 адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған. Қазан айында 127 алматылық осы дерттен көз жұмған.
Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 981 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 906 мыңы толық дозасын алған. Оның 120 мыңға жуығы 60 жастан асқан азаматтар. Әкімдік мәліметінше, әзірге 160 егу пункті мен 237 егу бригадасында 1028 медқызметкер жұмыс істейді.
Эпидкартада бірнеше айдан бері «қызыл аймақта» тұрған Алматы қаласында пандемия басталғалы 183 мыңға жуық адам ауырған, оның 7,1 мыңы қазан айында анықталып үлгерді. Қазір республикада тіркелетін күнделікті есептің кемінде 15-20%-ы Алматы қаласына тиесілі болып отыр. Үш жарым айдан бері «қызыл аймақтан» шыға алмай отырған қала аурушаңдық бойынша бірінші қатардан түспей келеді.