Қазан айында ең көп сырқат тіркелген Алматыда 6154 адамның талдауынан коронавирус анықталған, тағы 118 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Қазір қаланың 4,3 мың тұрғыны емделіп жатыр. Төртінші толқынның шарықтау кезеңіне қарағанда бүгінде көлемі екі есеге қысқарған ауруханалардағы төсек-орындардың 43%-ына науқастар жатқызылған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 17 қазанда тіркелген 318 адамның 286-сы симптом белгілерімен, тағы 32-сі симптомсыз. Сонымен қоса, жексенбі күні 67 адам ауруханаға жатқызылған. Күнделікті тіркелген кейстердің саны сақталып, стационарға түскен науқастар қатарының күрт кемуі – ауруханаға жатқызу алгоритмінің демалыс күндері толық жұмыс істемейтінін көрсетуі мүмкін. Симптомды науқастардың саны аз емес, соған қарамастан аурухана еміне қол жеткізу қиындаған немесе бас тартқан.
Жалпы қалада сыйымдылығы 3179 орын болатын инфекциялық стационарларда 1368 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 28 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 122 науқас жатыр. 21 адам ӨЖЖ, 66 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 26 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 2971 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.
Сенбіде 6 адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған. Ортасынан асқан қазан айында 115 алматылық осы дерттен көз жұмған.
Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 978 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 900 мыңы толық дозасын алған. Оның 120 мыңға жуығы 60 жастан асқан азаматтар. Әкімдік мәліметінше, әзірге 160 егу пункті мен 237 егу бригадасында 1028 медқызметкер жұмыс істейді.
Эпидкартада бірнеше айдан бері «қызыл аймақта» тұрған Алматы қаласында пандемия басталғалы 182 мың адам ауырған, оның 6,2 мыңы қазан айында анықталып үлгерді. Қазір республикада тіркелетін күнделікті есептің кемінде 15-20%-ы Алматы қаласына тиесілі болып отыр. Үш жарым айдан бері «қызыл аймақтан» шыға алмай отырған қала аурушаңдық бойынша бірінші қатардан түспей келеді.