Бүгін, 4 қазан, дүйсенбіде Жапонияның жаңа бас уәзірі (премьер-министрі) қызметіне кірісті. Жапон үкіметінің жаңа жетекшісі Қытайға қарсы экономикалық және қорғаныс қауіпсіздігін нығайтады деп күтілуде.
64 жастағы бас уәзір Фумио Кишида бұған дейін Жапонияның сыртқы істер министрі қызметін де атқарған. Ол өткен аптадағы сайлауда бірқатар кандидаттардан айқын басымдық көрсеттіп билеуші Либерал-демократиялық партияның жетекшісі болды.
Бүгін Жапон үкіметін бір жыл басқарған Йошихидэ Суга мырзаның кабинеті толықтай отставкаға кетті. Ол өзінен бұрын бас уәзір болған Шиндзо Абе денсаулығына байланысты қызметтен кеткенде оның орнына үкімет басшысы болған еді. Суга басқарған бас уәзір кабинеті пандемияға қарсы әлсіз еркеттерімен ғана сынға алынды.
Фумио Кишида құрған министрлер кабинеті Сыртқы істер және Қорғаныс министрлігін сақтап қалады, қазіргі сыртқы істер министрі Тошимицу Мотеги мен қорғаныс министрі Нобуо Кишиге лауазымын жалғастыруға мүмкіндік бермек. Кишида бұл қадамды Жапония мен АҚШ арасындағы қорғаныс қауіпсіздігі ынтымақтастығын тұрақты дамыту үшін жасағаны анық.
Бұған қоса премьер-министр Кишида Экономикалық қауіпсіздік жөніндегі жаңа министрлік құрмақ. Бұл министрлік Қытайдың кейбір маңызды технологияларды ұрлауына қарсы әрекет етеді, сондай-ақ Қытайдан экономика мен қорғанысқа төнетін қауіпке қарсы тұрады.
Сайлауалды бағдарламасында Фумио Кишида ұлттық қорғаныс және теңіз күштерінің қуатын арттыруға ден қоятынын, «қорғаныс шығындары үшін ЖІӨ-нің 1 пайызы» деген қағидаға қатып қалмайтынын, қажет жағдайда қорғанысқа молынан қаражат бөлетінін жариялаған. Бұл Кишида басқарған жапон билігінің Қытайдың әскери-саяси кеңеюіне қарсы белсенді әрекет ететінін аңғартады.