Иран «ядролық келісім» туралы келіссөзге оралады. Бұл туралы елдің жаңа сыртқы істер министрі NBC News арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша келіссөздер «жақын арада» басталмақ.

Иран жаңа үкіметінің бас дипломаты Хусейн Әмір Абдуллахиян 2015 жылғы «Иран ядролық келісіміне» қатысты келіссөздердің қалай жүріп жатқаны, АҚШ-пен арадағы келіссөздердің деңгейі туралы толық мәлімет бермеген. Дегенмен, Теһран (Тегеран) билігі ядролық келісімге келуге ниетті екенін білдірген. Бірақ, Иранға бағытталған санкцияларды тоқтату Теһран билігінің ядролық келісім жасауының алғышарты деп көрсетті.

Абдуллахиян сөзінде: «Олар жауапкершілігіндегі міндеттерін орындауға дайын екенін қайталайды. Бірақ, Иран мен оның халқына келісімді атқаруға деген шынайы бет-бейнесін көрсетпейді. Ең қиыны Иранға жаңа санкциялар салынуда», – деген. Абдуллахиян Байденнің Иранға қаратқан саясатын да сынға алған, бұл турасында: «Байден өзінен бұрынғы президент Трамптың Иран саясатын сынға алғанымен, оның Иранға салған санкциясын аса мұқият атқарып отыр. Бұл шын мәнінде ИИР-ына бағытталған саясатының шын бейнесі. Егер Құрама Штаттар келісімге келуді көздесе неге бұндай қадамдар жасайды?», – деген.

Иран Ислам Республикасының жаңа билігі бұрынғы үкімет жүргізген келіссөздер мен кейбір келісімдерді қайта бағалаудан өткізу үстінде. Сарапшылардың болжауынша жаңа билік келіссөзді алға жылжытатын қадамдар жасағысы келеді, алайда Құрама Штаттармен қарым-қатынаста бұрынғы биліктің ұстанымын жалғастырады деп санайды.

The Qazaq Times