Бейжің билігі G20 мүшелерін «Талибан» басқарып отырған Ауғанстанға салынатын экономикалық санкцияны тоқтатуға шақырды. Қытай сыртқы істер министрі Уаң И бұндай ұсынысты бейсенбі күні «Үлкен Жиырмалықтың» СІМ басшылары арасында өткен онлайн-конференцияда ортаға салды.
Қытай сыртқы істер министрінің айтуынша Ауғанстанға көмектесуде G20 елдерінің аса үлкен жауапкершілігі бар және «Ауғанстанға гуманитарлық дағдарыс пен экономикалық күйреуді жеңу үшін» санкцияны тоқтату керек. Уаң И сөзінде: «Экономикалқы санкциялар тоқтатылуы тиіс және Ауғанстанға бағытталған қандай да бір біржақты шектеулер мен санкциялар тез арада жойылуы керек», – деген.
«Талибан» билікке келгеннен кейін Америка Құрама Штаттары Ауғанстанға тиесілі миллиардтаған долларлық валюта резервін мұздатты, сонымен қатар Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры да Ауғанстандағы даму қорларын тоқтатты.
««Ауғанстанның валюталық резервтері ұлттық активтер, әрі ол ауған халқына тиесілі болуы керек, халық оларды пайдалануы тиіс. Оларды Ауғанстанға саяси қысым көрсету үшін сауда-саттық ретінде пайдалануға болмайды», – деген Уаң И Ауғанстан тақырыбын талқылаған кезде.
Құрама Штаттар мен өзге де елдер «Талибаннан» инклюзивті үкімет құруды, адам құқықтарын құрметтеуді және қатал исламдық ережелерді қайта енгізуді тоқтатуды талап етіп келеді, әрі бұны Ауғанстанмен дипломатиялық байланыс орнатудың алғышарты ретінде көрсетіп отыр.
«Талибан» Ауғанстан билігін басып алғаннан кейін шекаралас елдер мен аймақтарда бірқатар геосаяси өзгерстердің болғаны анық. Қытай бұл ретте Ауғанстанның жаңа билігімен ең жақын байланыс орнатқан ел ретінде көрінді, құны 31 млн АҚШ доллары тұратын алғашқы гуманитарлық көмек те көрсетті. Алайда, көптеген сарапшылар Қытай Ауғанстандағы тұрақсыздық өзінің солтүстік-батыс шекарасының қауіпсіздігіне зиян келтірмеуін, сондай-ақ, Үндістан сынды Азиядағы басты бәсекелесіне қарсы ұпай арттыру үшін тәліптермен тығыз байланыст орнатып жатқанын айтады. Ауғанстан мәселесіне ілесе Қытайдың аймақтағы ықпалы да арта түсетінін де бірқатар сарапшылар айтып келеді.