Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы Лабасы тауының ең биік шыңына мемлекет және қоғам қайраткері, 15 жыл бұрын қастандықпен өлтірілген саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі берілді. Бұл бастаманы сол ауылдың тұрғындары көтерген. 

Кеше, 14 қыркүйек Сәрсенбайұлының туған күніне орай, сарыжаздықтар таудың ең биік нүктесіне "Алтынбек шыңы" деген белгі орнатты. Ауыл тұрғындары, мектеп ұстаздары мен оқушылары биіктігі 3488 метр болатын шыңға көтеріліп, естелік суретке түсті. Шараға марқұмның туған бауыры, оппозициядағы саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы да қатысты. Ол бастама көтерген жерлестеріне ризашылығын білдіріп, бауыры жайлы естелік айтты.

Лабасы тауының ең биік шыңана сарыжаздықтар орнатқан белгі.

Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылы ақпанда Алматыда қастандықпен өлтірілді.  Саясаткердің және оның екі көмекшісі - Василий Журавлев пен Бауыржан Байбосыновтың сүйегі Алматы іргесіндегі тау бөктерінен табылған еді.

Сол кезде осы іске байланысты парламент сенаты аппаратының бұрынғы басшысы Ержан Өтембаев және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірнеше қызметкері ұзақ жылға сотталды. Бұған қоса, тапсырысты орындаушы ретінде полицияның бұрынғы қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойына түрме жазасына кесілді. Ал 2014 жылы желтоқсанда іс қайта қаралып, сот Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен ҰҚК бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевты тапсырыс беруші ретінде таныды. Бірақ ол кезде Әлиев те, Мұсаев та шетелге қашып кеткен еді.

Әлиев өлер алында бұл іске қатыстыларды "Қазақстанның жоғарғы басшылығы арасынан іздеу керек" деген. Ал Мұсаев 2021 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында Сәрсенбайұлын өлтіруге "Назарбаев астарлап тапсырма берегенін" айтқан.

The Qazaq Times