Алматыда коронавирус пандемиясының төртінші толқыны әлі бәсеңдемей тұр. Тап қазір қаланың 13 мыңға тарта тұрғыны емделіп жатыр. Қазір резервтегі төсек-орындарды қоса есептегенде стационарларда шамамен 49,7% орын толған. Бұл тамыз айының ортасына қарағанда біршама кемігені.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте, 5 қыркүйекте тіркелген 1085 адамның 1050-і симптом белгілерімен, тағы 35 адам симптомсыз тіркелген. Жексенбі күні 273 адам ауруханаға жатқызылған. Бұл өзге айлардағы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
Жалпы қалада сыйымдылығы 8910 орын болатын инфекциялық стационарларда 4435 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 122 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 388 науқас жатыр. 56 адам ӨЖЖ, 150 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 192 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 8640 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.
Сенбіде жиыны 15 адам коронавирус пен оған ұқсас пневмониядан қайтыс болған.
Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 887 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 761 мыңы толық дозасын алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 160 егу пункті мен 237 егу бригадасында 1028 медқызметкер жұмыс істейді.
Жалпы пандемия басталғалы қалада 159,5 мыңнан аса адам ауырған, оның 40 мыңға жуығы тамызда анықталған. Қазір республикада анықталған күнделікті есептің кемінде ширек бөлігі Алматы қаласына тиесілі болып отыр.
Эпидахуалдың нашарлауына байланысты қалыпты жағдайда қолданылып жүрген 7011 төсек-орын 8910-ға дейін көбейтілген. Стационарлардағы орын саны артып, тіпті жаңа резервтік филиалдар уақытша іске қосылған.
Осыған дейін бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин бір күнде ауруханаға жатқызылғандар саны 500-ден асса, қалада локдаун күшейтіліп, блок-бекет қойылатыны туралы наурыз айындағы критерийдің қазір күшін жойғанын мәлімдеген.