Жамбыл облысындағы жойқын жарылыстан әскери бөлімнің тағы бір әскери қызметшісінің қаза тапқаны белгілі болды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
"Ол - өрт сөндіру командасының бастығы келісім-шарт қызметінің старшинасы Еркін Ерікбайұлы Нәдірбеков. 1992 жылы туған, инженерлік оқ-дәрілер қоймасындағы өртті сөндіру жұмысын тікелей басқарған. Жарылыс кезінде оқиға орнында көз жұмды. Ол 27 тамыз күні таңертең хабарсыз кеткен әскери қызметшілер тізімінде болатын" делінген ведомство хабарламасында.
Осылайша, жарылыстан қаза болғандар саны 5 адамға жетті. Қорғаныс министрлігі 27 тамыз таңертең 4 адамның көз жұмғанын хабарлаған. Олар:
- Сержант Мешінбай Марат Сайлауұлы, 40 жаста;
- Ефрейтор Жанболатов Руслан Жүрсінбайұлы, 40 жаста;
- Әскери күзет қызметкері Далибаев Оразбек Дайрабекұлы, 52 жаста;
- Оңтүстік өңірдің әскери прокуроры Арман Қапезов.
Бұдан бөлек, жойқын жарылыстан кейін ауруханаға жеткізілген 66 адамның 28 емделіп жатыр. Оның алтауының жағдайы ауыр хәлде. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, із-түссіз жоғалғандар да бар.