Алматыда коронавирус пандемиясының төртінші толқыны әлі жалғасуда. Тап қазір қаланың 20,5 мың тұрғыны емделіп жатыр. Қазір резервтегі төсек-орындарды қоса есептегенде стационарларда 71% орын толған.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте тіркелген 1555 адамның 1440-ы симптом белгілерімен, тағы 115 адам симптомсыз түрде тіркелген. 19 тамызда 690 адам ауруханаға жатқызылған. Бұл өзге айлардағы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
Жалпы қалада сыйымдылығы 8910 орын болатын инфекциялық стационарларда 6336 адам емделіп жатыр. Олардың арасында 191 бала төсекке таңылған. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 452 науқас жатыр. 52 адам ӨЖЖ, 200 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 197 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Сондай-ақ, БМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарымен бірге үй жағдайында 14 180 науқас амбулаторлық деңгейде бақылауға алынған.
Ресми дерекке қарағанда, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 833 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 661 мыңы толық дозасын алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 160 егу пункті мен 237 егу бригадасында 1028 медқызметкер жұмыс істейді. Жалпы пандемия басталғалы қалада 135 мыңға жуық адам ауырған, оның 25 мыңнан астамы кейінгі екі аптада анықталған.
Эпидахуалдың нашарлауына байланысты қалыпты жағдайда қолданылып жүрген 7011 төсек-орын 8910-ға дейін көбейтілген. Стационарлардағы орын саны артып, тіпті жаңа резервтік филиалдар уақытша іске қосылған.
Жұмыс күндері күшейген шектеумен істеп, демалыс күндері жұмысын тоқтатын түрлі ұйым-мекемелерге қатысты карантин режимі 1 қыркүйекке дейін ұзарды.
Осыған дейін бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин бір күнде ауруханаға жатқызылғандар саны 500-ден асса, қалада локдаун күшейтіліп, блок-бекет қойылатыны туралы наурыз айындағы критерийдің қазір күшін жойғанын мәлімдеген.
Бекшиннің болжауынша, шілде айында басталған төртінші толқынның шарықтау шегі 11-12 тамыз күндері өтуі керек болған. Дегенмен әлі де Алматы қаласы республикадағы ең үлкен індет ошағы ретінде тәулігіне 1,5 мыңдай жағдай тіркеліп жатыр.