Алматы қаласының бас санитары Жандарбек Бекшин жалған вакцина паспортын жасатқандарға екпе алуды ақылы ету керек деген пікірде.

Сейсенбі күнгі қалалық ӨКҚ алаңында өткен брифингте Жандарбек Бекшин:

«Бұл жөнінде көпшілік те айтып жатыр. Мемлекетке шығын келтіргендерге осындай шара қолданған жөн деп есептеймін. Біріншіден, олар екпе салғызбаған, екіншіден, вакцинаны текке төгіп, ысырап етті. Сондықтан олар енді өз қалтасынан төлесін», – дейді.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина мемлекет қаржысына сатып алынған және халыққа тегін салынып жатыр. Әзірге ақылы вакцинаның тәртіп ережесі бекітілмеген.

«Бұл менің пікірім. Екпе салдыруға келген адамнан ешкім (медқызметкер) бас тарта алмайды. Иә, ол (жалған паспорт жасатқан адам – ред.) қателік жіберді. Бізде ковидке қарсы вакцина бюджет есебінен жүргізілетіні белгілі. Сол себепті оған кез келген егу пунктінде тегін салынады. Тек жағдайдың мән-жайын түсіндіріп айтуы керек. Бұл жекелей шешіледі. Екпе алуға ниетті әрқандай азамат заң бұзды-бұзбады демей бірдей вакцина ала алады. Бұл мүмкіндіктен айыратын арнайы тетік жоқ»,  – деп пікірін толықтырды ол.

Бас санитар Бекшин бүгінге дейін екпе салғызғаны жайлы жалған паспорт жасатқандардың нақты санын айта алмады.

Ресми мәлімет бойынша, Алматы қаласында биыл ақпаннан бері 816 мың адам екпенің алғашқы, оның ішінде 647 мыңы толық дозасын алған. Жалпы пандемия басталғалы қалада 130 мыңнан аса адам ауырған, оның 23 мыңнан астамы кейінгі екі аптада анықталған.

The Qazaq Times