Ауғанстанда шекара аймақтар мен ірі қалаларды бірінен кейін бірін өзіне қаратқан тәліптер орталық қала Кабулға шабуыл қойды. Қалаға кіретін маңызды жол өткелдері қысқа ғана шабуылдардан кейін "Талибанның" бақылауына өтті. Елде билік алмасатыны айдан анық болды. Тіпті, президент Ашраф Ғанидың елден шығып кеткені туралы да ақпарат тарады.
Ашраф Ғанидың президент сарайын тастап кеткені туралы ақпаратты Ресейдің Ауғанстандағы елшілігі хабарлаған. Өзге де бірнеше ақпарат құралдары бұл туралы өз ақпарат көздеріне сүйене отырып хабарлады. Дегенмен, президент Ғанидің өзінің елден шығып кеткені туралы ресми мәлімет берген жоқ.
Тәліптердің қарулы күштері Кабулға лап қойғанда орталық қалада абыр-сабыр басталып кетті. Елден шығып кетуге мүмкіндігі болмағандар бас қаланы тастап жан-жаққа ағылып жатқаны туралы ақпараттар бүгін түстен бұрын бірқатар шетелдік ақпарат құралдарында тараған еді.
Осы тұста "Талибан" ұйымының ресми өкілі Йалда Хаким ресми мәлімдеме таратып, ешқандай "кек алу" әрекеті болмайтынын айтып ауғанстандықтарды, Кабул тұрғындарын әбігерге түспеуге шақырған. "Біз ауған халқын, оның ішінде Кабул жұртынының бас амандығы мен мал-мүлкінің амандығына кепілдік беретінімізді айтқымыз келеді. Ешкімнен өш алмаймыз", – деген ол мәлімдемесінде. Сондай-ақ "Талибан" өкілі: "Жетекшілеріміз қарулы күштерге қалаға кірмей Кабуылдың сыртында тұруды бұйырды. Біз биліктің тыныштықпен өткеріліп берілуін қалаймыз", – деген.
Ауғанстан Ішкі істер министрлігінің ресми мәлімдемесінде де биліктің тыныш өткеріліп берілетіні айтылып қойды. Сонымен, Ауғанстанда жаңа үкімет билікке келмек. Бұл елді шариғат жолымен басқарып, исламдық мемлекет құрғысы келетін "Талибан Ислам қозғалысынан" құрылады.
Ауғанстандағы бұл өзгеріс аддағы уақытта Орта Азиядағы геосаяси жағдайды түбегейлі өзгертіп жіберуі де ғажап емес. Сценарийдің бұлай дамуы өңірдің тыныштығы мен қауіпсіздігіне үлкен қорқыныштарды да, сондай-ақ жаңа мүмкіндіктерді де алып келуі мүмкін.