«Талибан» қарулы топтары елдің шекара аймақтарын өзіне қаратып, енді біртіндеп орталық қала Кабулға жақындай түсті. АҚШ үкіметіндегі кейбір ақпарат көздері Кабул билігінің құлауына бір айдан үш айға дейін уақыт қалғанын айтуда.
Қазір Ауғанстанның екінші үлкен қаласы Кандаһар үшін күрес сұрапыл жүруде. Кеше тәліптер елдің Тәжікстанға жақын Бадахшан провинциясының орталығы Файзавад қаласын бақылауына алғанын мәлімдеген. Оған қоса Кабулға жақын Газни қаласын алуға әрекет етіп жатқанын BBC өзі ақпарат көздеріне сілтеме жасап хабарлап еді.
«Талибан» ұйымының қазірге дейін қол жеткізген ең үлкен жетістігі Құндыз қаласын өзіне қаратуы деуге болады. Ауғанстанның Орталық Азияға шығатын ірі қақпасына жақын Құндыз қаласы стратегиялық маңызға ие.
Тәліптердің алдағы нысанасы Мазари-Шариф екенін ресми мәлімдемесінде айтты. Бұл шаһар Балх аймағының әкімшілік орталығы саналады. Балық аймағы болса Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстанға жалғасып жатады. Тәліптердің Мазари-Шарифке көз тігіп отырғанын естіген жерден Ауғанстан президенті Ашраф Ғани сол қалаға ұшып барды. Ол ондағы әскери жетекшілерге және тәжік диаспорасының лидерлерімен кездесуді жоспарлағаны мәлім.