Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны шамамен 7,2 мыңға артып, жалпы есебі 712 мыңнан асты. Тек шілде айында 154 мың адам сырқаттанып, 1932 адам (КВИ+ 1644, КВИ- 288) қайтыс болған. Айдың ортасына қарай тәуліктік көрсеткіші 5 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқынында қазір кемінде 7 мың жағдай тіркеліп жатыр. Өткен жексенбіде 107 адам көз жұмған.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 9 тамызда коронавирус (КВИ+) жұққан 7235 адам, ал 8-і күні  коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 35 адам тіркелді. Қазір елде 112 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 108 мың, КВИ- бойынша 3,6 мың) ауырып жатыр.

#COVID  Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей мыңнан жоғары динамикада тұрған Алматы (1486) және астана (1161) қалаларынан. Бұдан өзге Қарағанды (1061), Атырау (627), Шымкент (570) эпидахуал тіпті нашарлай түскен. Ақтөбе (223), Павлодар (286), Ақмола (263), Алматы (270),  Қостанай (248), ШҚО (220), Маңғыстау (177), Қызылорда (228), Жамбыл (100), СҚО (156), Түркістан (105), Батыс Қазақстан (54) облыстарында дерт үдеп тұр. Осы дүйсенбіде аурудан айыққан 7702 адам үйіне шығарылған. Жексенбіде жиыны 97 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы Тамыздың 8-і, жексенбіде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 35 науқас есепке алынды. Сонымен қоса, 173 адам айығып шыққан, тағы 10 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 112 мың науқастың 31 мыңы ауруханада, 81,5 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1966 науқастың жағдайы нашар, ондағы 402 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 232 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада Қазақстанда бүгін «сары аймаққа» қайта өткен Түркістан облысынан басқа барлық өңірі «қызыл аймақта» тұр.

ДенМин хабарынша, 11 наурыз бен 12 шілде аралығында ПТР тесті оң көрсеткен 1311 сынама секвенирленген (штамм түрін анықтайтын талдау). Сәйкесінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 649 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 63 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 712 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 13,5 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 6973, КВИ- / U07.2 – 3925, ілеспе аурулардан – 2633) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 41-орынға орнықты.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 4,4 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 5,8 млн шамасында.

"The Qazaq Times"