Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны шамамен 7,7 мыңға артып, жалпы есебі 705 мыңнан асты. Тек шілде айында 154 мың адам сырқаттанып, 1932 адам (КВИ+ 1644, КВИ- 288) қайтыс болған. Айдың ортасына қарай тәуліктік көрсеткіші 5 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқынында қазір кемінде 7 мың жағдай тіркеліп жатыр. Өткен сенбіде 140 адам көз жұмған. Салдарынан халқы ең көп ауырған елдердің жалпы есебінде 41-орынға жылжыды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 8 тамызда коронавирус (КВИ+) жұққан 7671 адам, ал 7-сі күні  коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 426 адам тіркелді. Қазір елде 113 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 109 мың, КВИ- бойынша 3,8 мың) ауырып жатыр.

#COVID  Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей мыңнан жоғары динамикада тұрған Алматы (1503) және астана (1452) қалаларынан. Бұдан өзге Қарағанды (1058), Шымкент (565) эпидахуал тіпті нашарлай түскен. Атырау (416),  Ақтөбе (393),Павлодар (295), Ақмола (256), Алматы (244),  Қостанай (237), ШҚО (230), Маңғыстау (214), Қызылорда (205), Жамбыл (190), СҚО (158), Түркістан (144), Батыс Қазақстан (111) облыстарында дерт үдеп тұр. Осы жұмада аурудан айыққан 5525 адам үйіне шығарылған. Сенбіде жиыны 112 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы Тамыздың 7-cі, сенбіде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 76 науқас есепке алынды. Сонымен қоса, 135 адам айығып шыққан, тағы 28 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 113 мың науқастың 31 мыңы ауруханада, 81 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1981 науқастың жағдайы нашар, ондағы 402 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 192 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада Қазақстанда бүгін «сары аймаққа» қайта өткен Түркістан облысынан басқа барлық өңірі «қызыл аймақта» тұр.

ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 642 мыңға жуықтаса, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 63 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 705 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 13,1 мың адам (КВИ+ / U07.1 – 6876, КВИ- / U07.2 – 3915, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 41-орынға орнықты.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 4,3 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 5,7 млн шамасында.

"The Qazaq Times"