Үндістан - алкогольді ішімдіктерді ең көп тұтынатын елдердің бірі болып табылады. Тіпті ішімдік ішкендер рөлге отырып, әкімшілік жауапкершіліктен де еш қашып отырған жоқ. Содан елде мас күйінде көлік айдап, өзінің және өзгенің ажалының себепшісі болып жататын жағдайлардың саны артқан.
2017 жылы ел билігі осы заңбұзушылықтың алдын алу үшін, заңнамаға жаңа өзгертулер енгізіп отыр. Жаңа заңға сәйкес жүргізушінің көңілін аударатын, және ішімдік заттары сатылатын бар, клуб, сырахана және басқа да көңіл көтеретін орындар көліктер қатынайтын үлкен трассалардан кемінде 500 метр қашықтықта орналасуы қажет. Бұл заңның көптеген мекемелердің қалтасын қағып, кәсібін тоқырауға ұшырататыны белгілі.
Үндістандық бір кәсіпкер жеке кәсібінің жаңа заң нормаларына сай келмейтінін білген соң ерекше әрекетке барған. Оның сыраханасы жолдың бойында орналасқан. Ал басқа жерге көшу үшін үлкен қаржы қажет және тұрақты келушілерін де жоғалтып алатын болғасын заңның алдын орауды ойластырған.
Ол сыраханасының алдына 520 метрлік лабиринт жасап алды. Сөйтіп, келушілерге сыраханаға кіру үшін 520 метрді жүріп өтуге тура келеді. Заң органдарының өкілдері сырахананың иесіне ешқандай сын айта алмай отыр. Өйткені, заңға сәйкес, сырахана жолдан 500 метрден кем емес қашықтықта орналасқан. Бүгінде сырахананың тұрақты келушілері көбейген, көбіне 520 метрлік лабиринттен жүріп өту қызыққа айналды. Сөйтіп, үндістандық кәсіпкер өз кәсібін сақтап қана алмай, заңның алдын орап, келушілерін де көбейтті.
“The Qazaq Times”