Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны 8 мыңға артып, жалпы есебі 633 мыңнан асты, оның 146 мыңы тек шілде айында тіркеліп үлгерді. Осы айдағы эпидахуал динамикасына қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен көз жұмғандарды есептемегенде тіке ковидтен 1,7 мыңнан аса қазақстандық (КВИ+ 1467, КВИ- 259) өмірден өткен. Айдың ортасына қарай тәуліктік көрсеткіші 5 мыңның үстіне шыққан індеттің төртінші толқынында қазір кемінде 7 мың жағдай тіркеліп жатыр. Бейсенбіде жүз адам қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 30 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 7691 адам, ал 29-ы коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 309 адам тіркелді. Қазір елде 96 мың адам (КВИ+ бойынша 93 мың, КВИ- бойынша 2,6 мыңнан аса) ауырып жатыр.

#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артып, шілде айындағы тоғызыншы рекордын жаңалады. Олардың басым бөлігі әдеттегідей мыңнан жоғары динамикада тұрған астана (1518) және  Алматы (1511) қалаларынан. қатарынан. Бұдан өзге Қарағанды (964), Шымкент (477), Атырау (417), Ақтөбе (332), Алматы (300), Павлодар (280), Қызылорда (257), Ақмола (253), Жамбыл (247), Қостанай (245), Маңғыстау (236), ШҚО (216), БҚО (159), СҚО (155), Түркістан (124) облыстарында дерт үдеп тұр. Осы сейсенбіде аурудан айыққан 5372 адам үйіне шығарылған. Бейсенбіде жиыны 86 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы 29 шілдеде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 309 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сейсенбі күні сырқаттар Шымкент (62) қаласы және Маңғыстау (52), Жамбыл (37), Атырау (30) облыстары мен астанада (26) көптеп анықталған. Сонымен қоса, 110 адам айығып шыққан, тағы 14 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 96 мыңдай науқастың 27 мыңы ауруханада, 69 мыңға жуығы амбулаторлық бақылауда. 1677 мың науқастың жағдайы нашар, ондағы 349 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 334 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Эпидкартада кейінгі бір апта бойы «сары аймақта» жалғыз тұрған Түркістан облысынан басқа барлық өңір (үш мегаполисті қоса алғанда) «қызыл аймақта» тұр.

ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 572,5 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 60,5 мыңнан асты. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 633 мыңға жетті. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 11,9 мыңнан аса адам (КВИ+ / U07.1 – 5866, КВИ- / U07.2 – 3711, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 42-орында тұр.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 3,7 млн адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған, ал кемінде бірінші дозасы егілген жұрттың саны 5,3 млн шамасында.

"The Qazaq Times"