Белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Ақсарай» театрының көркемдік жетекшісі, диссидент қайраткер Болат Атабаевтың қайтыс болғаны хабарланды.
Театр өнері мен көркем таным бағытында ерекше әрі табысты эксперименттерге қол жеткізген мәдениет-өнер қайраткері өзінің азаматтық ұстанымы арқылы көптің ықыласына бөленді.
Ақпарат құралдары Атабаев соңғы екі-үш күн Қалқаман ықшам ауданындағы №7 аурухананың жансақтау бөліміне бүйрегіне суық тиіп түскен жөніндегі жақындарының хабарын жазып жатыр.
Ол Алматы шет тілдер педагогикалық институтын, кейіннен осында Мемлекеттік театр-көркемсурет институтын бітірген. 90-жылдардың басында Мюнхен (Германия) ұлттық театрынан тәлім алған. Елге оралған соң алғашқы еңбек жолын Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы неміс драма театрында Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатын», А.Закстың «Өз ошағың» драмаларын, В.Гейнцтің «Жүздеген жыл толқын дарында», «Адамдар және тағдырлар» тарихи диологиясын сахналаумен бастады. 1990 жылы Қазақ академиясы драма театрына (қазіргі М.Әуезов атындағы – QT) жұмысқа ауысып, Б.Римованың «Қос мұңлық», М.Мақатаевтың «Қош, махаббат», сондай-ақ, И.Оразбаевтың «Шыңғысхан», М.Метерлингтің «Соқырлар», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», А.П. Чеховтың «Шағала», Ә.Кекілбаевтің «Абылай хан», Б.Брехттің «Тоғышардың тойы», М.Әуезовтің «Қарагөз», т.б. спектакльдерін қойған.
Батыл сахналық эксперименттер мен өткір идеяларға баратын, спектакльдің көркемдік-эстетикалық мән-мазмұнын ашуға ден қоятын ізденімпаз режиссер азаматтық қоғам өміріне де «романтикалық мұратпен» риясыз атсалысты. 69 жасында өмірден озған Болат Атабаев кейінгі кездері қоғамға ашылып, «Жаңа Алаш» YouTube арнасына сериялық сұхбат беріп еді.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде билік абақтыға қамап, қылмыстық жауапкершілікке тартуға талпынған Болат Атабаев кейін біраз жыл Германияда тұрған.
Редакция ұжымы Қазақстанның тәуелсіздік тарихында өнер мен мәдениетіне еңбек сіңіріп, мемлекеттің саяси өміріне зиялылар атынан халық жағында болған ерекше қайраткердің қазасына байланысты Атабаевтар отбасына және барша қазақстандықтарға қайғыра көңіл айтады.


















АҚШ «тасадағы флотқа» тосқауыл қойды: Olina танкері және теңіздегі жаңа санкциялық соғыс
Атыраудағы жұмбақ жоғалу мен адам өлімі: із-түзсіз артылған отбасы, полиция тергеуі және қоғам реакциясы
Айзат Жұманованың өлімі: бүгін үкім оқылды, айыпталушы 14 жылға сотталды
Украина соғыс жағдайындағы басқару моделін қайта қалыптастыруда: Буданов президент кеңсесіне келді
Йемен соғысының жаңа кезеңі: оңтүстіктегі қақтығыс және аймақтық державалардың ойыны
Қағаздағы пациенттің өмірдегі жағдайы: Үнсіз әрі алпауыт эпидемияға қарсы күресте қазақстандық АББ-ның қауқары мен кемшілігі