Алматы қаласында коронавирус індетінің төртінші толқыны екпіндеп, аурушаңдық үдеуіне байланысты көпшілік орындардың бірі қоғамдық көліктердегі бетперде режимін сақтау талабы күшейді. Маска тағу егде және орта жастағы немесе созылмалы ауруы бар азаматтардың денсаулығын сақтаудың бірден-бір маңызды амалы.
Мамандар ауру көбірек жұғуы мүмкін ықтимал орындар қатарында сауда нысандары мен қоғамдық көліктер барын айтады. Бұл жердегі ықтималдық көрсеткіші 16%-ды көрсетті. Осы сегментте арнайы мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді.
«Сәрсенбіде, бүгін сағат 07.00-ден бастап қаланың барлық аудандарында мониторингтік топтары қоғамдық көлік пен автобус аялдамаларын тексеруге кірісті. Мамандар автобус-троллейбус жүргізушілері мен жолаушыларының бетперде тағып жүруін қадағалайды, тұрғындарға түсіндірме жұмысын жүргізеді. ...Бетперденің арқасында басқаларға ауру жұқтыру қаупі едәуір азаяды әрі таралуына тоқтау бола аламыз. Індетке қарсы күресте ең тиімді жол – екпе алу екенін еске саламыз», – делінген әкімдік баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ресми мәлімдемеге қарағанда, түске дейін 100 шақты қоғамдық көлік тексерілген. Олардың сапында 1, 98, 32, 123, 79 11, 9, 45, 22, 135, 105, 201, 7, 126, 60, 114, 25, 5, 5Б, 29, 65, 37, 205, 224, 20, 148, 38, 62, 210 автобус маршруттары бар. Мониторинг топ мамандары заңбұзушылықтар анықталғанын хабарлады.
«Түске дейін 14 азаматқа (жеке тұлғаға) қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Денсаулығына байланысты негізді уәжі болмаған жағдайда бетперде режимін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді тексеруші мамандар.
Алматыда індеттің төртінші толқыны ауыр өтіп жатыр. Эпидахуал нашарлап, тәулігіне 1,2 мыңнан аса адамнан коронавирус анықталуда. Пандемия басталғалы қалада 100 мыңға тарта (КВИ+ 93,5 мы, КВИ- 6 мың) адам ауырған болса, оның 17 мыңнан астамы тек осы айда (биылғы шілде) тіркелген.