Қазақстанда коронавирус пен оған ұқсас пневмонияға шалдыққандар саны 600 мыңнан асты, осылайша дүниежүзінде науқастар саны бойынша 42-орынға жылжыды. Осы шілде айының өзінде тіркелген сырқаттар қатары 120 мыңға жуықтады. Екі аптадан бері тоқтаусыз өсіп жатқан аурушаңдық 5 мыңның үстінде тұр. Дүйсенбідегі эпидахуал динамикасы, 6,8 мың кейс – шілде айындағы алтыншы рекордты жаңартты. Жексенбінің өзінде 110 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 26 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 6797 адам, ал 25-і коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 23 адам тіркелді. Қазір елде 87 мың адам (КВИ+ бойынша 85 мың, КВИ- бойынша 1931) ауырып жатыр.
#COVID Өткен күні ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей астана (1537), Алматы қаласы (1207) және Қарағанды облысында (796) тіркелді. Бұдан өзге Атырау (480), Шымкент (382), ШҚО (333), Алматы (260), Маңғыстау (254), Қостанай (209), Павлодар (207), Ақмола (195), Түркістан (180), Ақтөбе (175) облыстарында дерт үдеп тұр. Өткен тәулікте 2625 адам айығып үйіне шығарылған. Жексенбіде жиыны 86 адам қайтыс болған.
#COVID_пневмониясы 25 шілде, демалыс күні ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 23 науқас есепке алынды. Сенбі-жексенбі күндері медициналық ұйымдардың дәрігерлер құрамының негізгі бөлігі демалатындықтан, ресми есеп уақытылы жүргізілмейді және бұл күндері науқастар да жүгіне бермейді. Ведомство дерегінше, жексенбіде сырқаттар Атырау (7), астана, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Павлодар, Маңғыстау, Алматы облыстарында (әрқайсында екеуден) анықталған. Сонымен қоса, 75 адам айығып шыққан, тағы 24 адам көз жұмған.
#Жалпы ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 87 мыңнан аса науқастың 24 мыңы ауруханада, 62 мыңы амбулаторлық бақылауда. 1461 науқастың жағдайы нашар, ондағы 306 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 182 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Вирустың таралу қатері жағынан республиканың барлық өңірі сарғайып-қызара түсті. «Қызыл аймаққа» енген өңірлер: астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, СҚО, Павлодар, ШҚО, Жамбыл облыстары. Ал Түркістан өңірі жалғыз «сары аймақта» тұр. Қазақстан тұстас қызыл реңге боялды.
ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 542 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 59 мыңға жетті. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 602 мыңнан асты. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 11,5 мыңнан аса адам (КВИ+ / U07.1 – 5538, КВИ- / U07.2 – 3649, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 42-орында тұр.
Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 3 млн 356 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.