Белсенді Абзал Достияровтың қамалғанына наразылық ретінде тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясы" өкілдерінің Алматы қалалық полиция департаменті ғимараты алдында аштық жариялап, түнеп жатқанына екінші күн. Олар екі күн бойы тек су ішкен, түнде полиция ғимараты маңындағы бастырмада және көлікте ұйықтаған.
– 19 шілде күні кешкі сегізден аса 9 адам аштық жариялағанбыз. Кеше егде жастағы екі кісі денсаулығына байланысты аштықты тоқтатуға мәжбүр болды. Қалғандарымыз тек су ішіп жатырмыз. Кейбірі бастырмаға, кейбірі көлікке түнеп шықты. Абзал Достияровты босатпайынша аштығымыз жалғаса береді, – дейді "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамай.
Оның айтуына қарағанда, полиция қызметкерлері аштық жариялап жатқан наразыларды бірнеше мәрте тартуға тырысқан, бірақ белсенділер оған көнбеген.
Аштық жариялағандардан бөлек, Достияровтың бостандығын талап етіп жатқандар да бар. Солардың бірі – қамаудағы белсендінің әйелі Дана Сәрсенова. Оның айтуынаша, полиция күйеуінің денсаулығы жайлы ақпарат бермей отыр. Сәрсенова соған алаңдаулы.
– Кездестіру былай тұрсын, күйеуімнің денсаулығы жайлы ақпарат бермей отыр. Мен қайта-қайта кезекші бөлімге хабарласып жатырмын. Ал олар маған түрлі балағат сөздер айтып, телефонды тастай салып жатыр, – дейді ол.

Абзал Достияровтың әйелі Дана Сәрсенова полиция қызметкерінен күйеуімен кездестіруді талап етіп тұр. 21 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы
Абзал Достияровтың туған інісі Дәуреннің сөзінше, ағасы адвокат арқылы "маған кітап беріп жіберіңдерші" деген сәлемдеме айтқан. Алайда ағасына деп әкелген кітапты полиция ішке кіргізбей қойған.

Демпартия бастамашыл тобы жақтасы Достияровты босатуды талап етіп тұр. 21 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы
Qazaq Times тілшісі полициядан Достияровқа не себепті сәлем-сауқат кіргізілмей жатқанын сұрамақшы болды, бірақ құзырлы орган өкілдері ешқандай пікір білдірген жоқ. Өзін Ержан Ұзабаев деп таныстырған полиция қызметкері Достияровтың сот шешімімен қамауда жатқан, оны мерзімінен бұрын босату полиция құзыретінде емес екенін айтты.

Белсендінің бірі полицияның «баспалдақтан ығыстыру» әрекетінен ауырсынып, жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінді. 21 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы
Аштық жариялаған белсенділер бірнеше мәрте полиция ғимаратына кіріп, Достияров жайлы ақпарат алуға тырысқан, алайды олардың жолын арнайы жасақ бөгеп тұрды.

Департамент маңындағы автозактар. 21 шілде 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы
34 жастағы Абзал Достияров 6 шілде күнгі наразылыққа байланысты әкімшілік қамауға алынған. Ол алдымен 14 шілдеде "қоғамдық орындарда былапыт сөйлеп, жеке тұлғаны қорлағаны" үшін 6 күнге қамалған. Ал 19 шілде тағы бір сот өтіп, Достияров "Facebook желісінде митингіге шақырды" деген айыппен әкімшілік жазаға тартылған. Сот қаулысына сәйкес, ол 15 тәулік қамауда отыруға тиіс.


















Ирандағы қантөгіс пен сыртқы қысым: Трамптың екіұшты сигналы
Конституция тағы өзгермек: реформа ма, әлде билікті қайта құрастыру ма?
АҚШ «тасадағы флотқа» тосқауыл қойды: Olina танкері және теңіздегі жаңа санкциялық соғыс
Атыраудағы жұмбақ жоғалу мен адам өлімі: із-түзсіз артылған отбасы, полиция тергеуі және қоғам реакциясы
Айзат Жұманованың өлімі: бүгін үкім оқылды, айыпталушы 14 жылға сотталды
Украина соғыс жағдайындағы басқару моделін қайта қалыптастыруда: Буданов президент кеңсесіне келді