Жаз ортасында сырқаттар саны күрт өскен Қазақстанда коронавирустың төртінші толқыны рекордық мәні күн сайын жаңарып жатыр. Коронавирус пен осы тектес пневмонияға шалдыққандар саны тағы 5804 адамға көбейді. Бейсенбі күні 57 адам көз жұмды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 16 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 5658 адам, ал 15-і коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 146 адам тіркелді. Қазір елде 53 мыңға тарта адам (КВИ+ бойынша 51 895, КВИ- бойынша 1629) ауырып жатыр.

#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастар қатары тағы артты. Олардың басым бөлігі әдеттегідей астана (1547),  Алматы қаласы (891) және Қарағанды облысында (704) тіркелді. Бұдан өзге Шымкент (368), Атырау (342), БҚО (289),  Ақтөбе (205), Маңғыстау (180), Павлодар (185), Ақмола (180) облыстарында дерт үдеп тұр. Өткен тәулікте 3241 адам айығып үйіне шығарылған. Осы бейсенбіде жиыны 45 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы 15 шілдеде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 146 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, сырқаттар астана (24), Шымкент (19), Жамбыл (18), Алматы және Атырау, Ақмола (әрқайсында он бірден) облыстарында көптеп анықталған. Сонымен қоса, 68 адам айығып шыққан, тағы 12 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 52 895 науқастың 16,5 мыңнан астамы ауруханада, 36 мыңы амбулаторлық бақылауда. 975 науқастың жағдайы нашар, ондағы 241 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 123 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Вирустың таралу қатері жағынан 10 облыс пен 3 мегаполис «қызыл аймақта». Олар: астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Атырау, Ақтөбе,  БҚО, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, СҚО, Павлодар облыстары. Ал Алматы және Жамбыл өңірлері «сары аймақта» тұр. Қазақстан тұстас қызыл реңге боялды.

ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған. Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 483 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 58 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 541 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардан 10 808 адам (КВИ+ / U07.1 – 4909, КВИ- / U07.2 – 3532, ілеспе аурулардан – 2367) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 44-орында тұр.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 2 млн 731 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.

"The Qazaq Times"