Бүгін, 15 шілдеде Шымкенттің Қаратау аудандық соты қалалық мәдениет үйінің жетекшісі, әнші Сәкен Майғазиевтің тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" белсендісі Аружан Дүйсебаеваның үстінен түсірген шағымы қарай бастады. Алғашқы сот отырысы онлайн өтті. Істі судья Момбек Әмірбеков қарап жатыр.
Судья сот тергеуі басталмастан бұрын екі жақты татуластыруға тырысты, алайда тараптар келісімге келуден бас тартты.
Сәкен Майғазиев егер жауапкер "ақпарат дұрыс жетпегендіктен" өзіне негізсіз жала жапқанын мойындап, жария түрде кешірім сұраса істі тоқтататынын айтты. Дүйсебаева кешірім сұраудан бас тартып, жәбірленушінің талабын орындамайтынын жеткізді.
Сот тыңдауы кезінде Сәкен Майғазиевтің қорғаушылары судьядан іс қаралып біткенше БАҚ өкілдерін ақпарат таратпауға міндеттеуін сұрады. Бірақ судья өтінішті мақұлдамады.
Қоғамда Майғазиев басқаратын мәдениет үйінің Наурыз мерекесін өткізуге 595 млн теңге бөлгені қызу талқыланып жатқанда Аружан Дүйсебаева тіркелмеген "Демпартияның" Youtube видео желісіндегі ресми арнасында "Сәкен Майғазиев Шымкентте қанша ақша тонады?" деген тақырыпта видео жариялаған. Ол аталған видеода Майғазиев басқаратын мекеменің Шымкеттегі Наурыз тойына жарты млрд теңгеден астам қаржы бөлгенін сынап, әншіні "жемқор" деп атаған.
"Демократиялы Қазақстан" Youtube арнасында жарияланған Аружан Дүйсебаеваның Сәкен Майғазиев жайлы видеосы.
Айыптау шағымына қарағанда, Майғазиев сол видеода өзіне қарата айтылған "жемқор", "Қазақстанды тонап жатыр, өлтіріп жатыр", деген сөздер "ар-намысымды, қадір-қасиетімді, беделімді қорлады" деп шағым түсірген. Ол айыпталушы Дүйсебаевадан аталған видеоны интернеттен өшіріп, өзінен жария түрде кешірім сұрауын талап етіп отыр. Бұған қоса, Майғазиев Дүйсебаеваның Қылымыстық кодекстің 131-бабы, 2-тармағы бойынша жауапқа тартылғанын қалайды. (Аталған баптың үкімі: Екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады)
Бір күн бұрын Аружан Дүйсебаева өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін жеткізіп, "565 млн теңгенің есебін сұрағаным үшін істі болдым, әншінің ары таза болса, соттасқанша халық алдында есеп берсін" деп мәлімдеген.
Үш жарым ай бұрын мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми деректерді негізге алған журналистер мен белсенділер әнші Сәкен Майғазиев басқаратын Шымкент қалалық мәдениет үйінің Наурызға арналған іс-шараларға 595 млн теңге қаржы бөлгенін анықтаған. Сол кезде бұл оқиға қоғамда үлкен шу тудырған еді. Әкімдік журналистер келтірген деректі жоққа шығарды. Олар "Наурызға тек 213 млн теңге бөлінгенін, журналистер келтірген 595 млн теңге жыл бойы өтетін іс-шараларға қарастырылғанын" уәж етті. Бірақ Шымкент әкімдігінің бұл мәліметі мемлекеттік сатып алу порталындағы ресми дерекке қайшы. Өйткені қалалық мәдениет үйі түрлі компаниялармен жасасқан 7 келісімшартта да іс-шаралардың Наурыз мерекесіне орай екені анық жазылған. Бұған қоса, мемсатып алу порталынан 595 млн теңгенің 570 миллионнан астамы жеке компаниялардың шотына аударылып қойғанын байқауға болады.