Токиода эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты төтенше жағдай енгізілді.
Жапонияның экономикалық қалпына келтіру министрі Ясутоши Нишимураның мәліметінше, төтенше жағдай 12 шілдеден 22 тамызға дейін жалғасады. Яғни жазғы Олимпиада ойындары кезінде де карантин шектеулері сақталады.
Сонымен қатар Чиба, Сайтама және Канагава шығыс префектураларында, сондай-ақ батыс Осакада инфекцияның таралуына қарсы күшейтілген шаралар 22 тамызға дейін ұзартылды.
Бұған дейін он үш елге Жапония аумағына кіру ережелері қатаңдатылған болатын. Ресми құжатта: «Австрия, Бельгия, Бразилия, Германия, Дания, Италия, Нигерия, Нидерланды, БАӘ, Словакия, Швейцария, Швеция, Франция азаматтары үшін Жапония аумағына кіру ережелері өзгертілді. Туристер елге кіргеннен кейін үш күн ішінде карантиндік мекемелерде болуы керек. Осыдан кейін олар коронавирусқа тест тапсыруы керек. Теріс нәтиже болған жағдайда екі апта оқшаулануы тиіс», – делінген.
Елде эпидахуалдың нашарлауына байланысты Токиода «Олимпиадаға бойкот!» ұранымен митингтер де ұйымдастырылды.
Ұлыбританиядан коронавирустың жаңа штамының табылуына байланысты әлемнің барлық елдеріне виза беруге тыйым Жапонияда 28 желтоқсанда күшіне енді. Бастапқыда бұл шара қаңтардың соңына дейін қолданылуы керек еді. Бірақ кейіннен ол төтенше жағдай режимімен бірге ұзартылды.
Елде төтенше режим алынғаннан кейін де Жапония билігі шетелдіктерге виза беру ережелерін жеңілдетпейді. Қазір елге тек жапон азаматтары және ұзақ мерзімді визалары бар шетелдіктер кіре алады. Шекарадан өткенде олар 72 сағат ішінде тапсырылған теріс нәтижелі ПТР тестін растайтын құжат болуы қажет.