Жақында ғана Қытай Коммунистік партиясының 100 жылдығына орай Бейжіңде дабыралы шара өтті. Шарада ҚКП-ның қазіргі жетекшісі Ши Жинпиң (Xi Jinping/Си Цзиньпин) қытай ұлтшылдығын қозғайтын ұрандарға толы сөздерге көбірек орын беріп, «отанды біріктіру» ұлы ісінің аяқталуға жақын тұрғанын атап өтті. Бұл қазір өзекті күйде тұрған Тайуан (Тайвань) қауіпсіздігіне деген алаңдаушылықты күшейтті.

Қытай билік партиясы мерей тойын өткізіп жатқан тұста, кейбір қытайлық басылымдар Тайуанды қарулы бақылауға алу тақырыбындағы мақалалар мен ұқсатпалы видеоларды жария етті. Айталық, Қытайдың «Ship Knowledge» журналы Тайуанға шабуыл жасаудың үш кезеңнен тұратын жоспарына ұқсас материал жариялады. Кейін оны Хоң Коңдағы (Гонконгтағы) South China Morning Post баслымынан тартып бірқатар америкалық және тайуандық басылымдар да таратты.

Осы аталған «шабуыл жоспарында» көрсетілуінше, Халық-азаттық армиясы шабуылдың бірінші кезеңінде Тайуанға қарата баллистикалық зымыран шабуылын жасамақ. Оның мақсаты – Тайуандағы әуежайлар, алдын-ала ескерту радарлары, әуе шабуылына қарсы зымыран базаларын және Тайвань аралында орналасқан командалық орталықтар сияқты ақпарат жинау мен шешім қабылдау мүмкіндігіне ие нысандарын жою. Сондай-ақ, Тайуанның зымыран шабуылдарына қарсы жүйесін бұзып өту үшін Қытай тарабы  Dongfeng-16 қысқа қашықтықтағы баллистикалық зымырандарын қолдануы мүмкін екені көрсетілген.

Екінші кезең – Тайуанның әскери базаларын, арсеналдарын, радарларын, байланыс инфрақұрылымы мен авто-дәліздерін қарқынды бомбалау үшін құрлықтан, әскери кемелерден және сүңгуір қайықтардан Eagle-91 және Changjian-10 қанатты ракеталарын ұшыру.

Үшінші кезең – кемелер мен құрлықтағы зымыран күштеріні бірлескен снаряд соққылары. Оның мақсаты – Халық-азаттық армиясы  теңіз жаяу әскерлері мен амфибиялық десант күштерінің қонуына соңғы кедергілерді жою.

Бұл материалдарды жариялап отырған «Ship Knowledge» басылымы 1970 жылдардан бастап шығарылған, Қытай баспасөзінде әскери салаға бағытталғна үш ірі басылымның бірі. Қытайлық әлеуметтік желілерде  «Ship Knowledge»  басылымы жариялаған анимациялық видео «Тайуанға жасалған қатаң ескерту» ретінде бағаланып жатыр.

Қытай билік партиясының жүз жылдық мерейтойы кезінде Қытай басшысы Ши Жинпиң «Тайуан мәселесін шешу және Отанды бірлікке келу ұлы ісін толық аяқтау – Қытай Коммунистік партиясының бұлжымас тарихи міндеті» деп мәлімдеген болатын. Ол сондай-ақ АҚШ-қа және басқа Батыс елдеріне қарата «ешкім Қытай халқының ұлттық егемендігі, аумақтық тұтастығын қорғауға деген ерік-жігерін, табандылығын және мықты қабілетін төмендетпеуі керек» деп ескерткен.

2021 жылы Тайуан жағдайы бұрын соңды болмаған деңгейдегі шиеленісті күйге аяқ басты. ҚКП-ның Тайуанды күшпен бағындыру туралы дауысы барғна сайын күшті шыға бастады. Биыл Тайуан Қытай тарабынан күшті әскери қысымға да тап болып отыр. Қытай әскери ұшақтары Тайуан әуе күштерінің қарсыласуға деген ерік-жігерін «сындырып тастауға» әрекет етіп келеді.

Дегенмен, Тайуан қауіпсіздігінен АҚШ, Жапония, Аустралия, тірпті Британия мен Франция секілді еуропалық державаларда алаңдайды. Қытайдың Үнді-Тынық мұхит аймағындағы ықпалына тосқауыл қою үшін Құрама Штаттар мен оның одақтастары Тайуан қауіпсіздігін қызыл сызық ретінде белгілеп отыр. Аймақта көпұлтты әскери жаттығулар да өтіп жатыр. Қытай әскери қатерін тоқтату үшін бұл аталған елдер Тайуан қорғаныс қабілетін арттыруына қолдау көрсетіп, Бейжіңнің шабуыл тәуекелін азайтуға тырысуда.

“The Qazaq Times”