Екпін ала бастаған індеттің кезекті толқынында сырқаттар саны көбейе бастады. Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысы, өзге өңірлерде де эпидахуал елеулі түрде нашарлады.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 2 шілдеде коронавирус (КВИ+) жұққан 2765 адам, ал 1-і коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 87 адам тіркелді. Қазір елде 28,5 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 27 231, КВИ- бойынша 1344) ауырып жатыр.

#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың басым бөлігі әдеттегідей астана (797),  Қарағанды облысы (463) және Алматы қаласында (385) тіркелді. Бұдан өзге БҚО (157), Маңғыстау (142), Атырау (137) облыстарында және Шымкентте (131) дерт үдеп барады. Өткен тәулікте 1453 адам айығып шығып, үйіне жіберілген. Осы бейсенбіде жиыны 19 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы 1 шілдеде ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 87 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, олар астана (15), Атырау облысы (11) және Шымкент қаласында (9) көптеп анықталған. Сонымен қоса, 60 адам айығып шыққан, тағы 6 адам көз жұмған.

ДенМин хабарынша, 1 шілдеде ПТР скринингі негізінде 414 сынама жүргізілген. Сәйкесінше, барлық үлгінің 48,3%-ынан Қазақстанның түгел аймағынан үндістандық «Дельта» штамы анықталған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 28 575 науқастың 8,6 мыңы ауруханада, 20 мыңдайы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 541 науқастың жағдайы нашар, ондағы 117 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 72 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Өткен күнгі дерек бойынша, вирустың таралу қатері жағынан астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, БҚО, Қарағанды облыстары «қызыл аймаққа» енді. Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар өңірлері «сары аймақта» тұр. Қазақстан тұстас қызыл реңге боялды.

Үкімет мәліметінше, биыл көктем-жазда геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық, оңтүстікафрикалық және үндістандық штамдары анықталған.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 431 мыңға жуықтап, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 57 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 488 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 9,8 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 4418, КВИ- / U07.2 – 3458, ілеспе аурулардан – 1962) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 45-орында тұр.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 2 млн 135 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаны толық алған.

"The Qazaq Times"