«АҚШ Ауғанстаннан жеңілді» Бір күн бұрын Пәкістан премьер-министрі Имран Хан елдегі ақпарат құралдарына жасаған мәлімдемесінде осындай пікірін білдірді.
Имран Хан Пәкістан-АҚШ және Пәкістан-Ауғанстан қатынасы жайында ақпарат құралдарына мәлімдеме жасаған. Ол сөзінде Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастық жасаудан бас тартпайтынын, алайда ынтымақтастық «соғыс үшін емес, бейбітшілік үшін ғана жасалатынын» айтқан. «Құрама Штаттар Ауғанстаннан жеңілді, әрі бұл жеңілістерін бізге таңғысы келді», – деген премьер-министр Хан.
Бұған дейін ол АҚШ қарулы күштері Ауғанстаннан шегінгеннен кейін Уашингтонның осы елдегі операциялары үшін Пәкістан ешқашан әскери база бермейтінін айтқан болатын.
Пәкістандықтар мен ауғанстандықтар бауырлас екенін алға тартқан премьер-министрі Исламабад билігі Ауғанстан халқының таңдауы мен шешіміне құрметпен қарайтынын жеткізген.
АҚШ пен НАТО күштерінің Ауғанстаннан шегінгеннен кейін елдегі өзгерістердің аймаққа ықпал ететіні айтылуда. Ауған жерінде тәліптер мен үкімет арасында азаматтық соғыстың ықтималдығы жоғары бола түсті. Осы тұтса Иран, Қытай және Пәкістан Ауғанстандағы ықпалын арттырудың барлық қадамдарын жасап жатқаны да байқалады.