Балтық елдерінің әуе кеңістігінде НАТО Ramstein Alloy әскери жаттығуын бастады. 

Бұл жаттығуларға Эмари, Шауляй базаларындағы итальяндық және испандық әскери-әуе күштерінен басқа Германия, Испания, Польша, Түркия және Финляндия ұшқыштары қатысады. Оқу-жаттығуға барлығы 20-дан астам әуе кемесі, соның ішінде AWACS E-3 басқару жүйесінің ұшақтары қатысады.

Әлемдегі ең үлкен әскери және саяси одақ саналатын Солтүстік атлантикалық конвенция ұйымының (НАТО) Балтық елдеріндегі әскери жаттығуы жылына үш рет өткізіледі.

Негізінен НАТО Кеңес одағының әскери қаупіне қарсы тұру үшін Еуропадағы он мемлекет және АҚШ пен Канада арасында құрылған болатын. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала салысымен Кеңес одағы өзінің Шығыс Еуропадағы ықпалын мықтап орнықтыра бастады. Еуропаның шығысында Кеңес одағының мыңдаған қарулы күштері орналасты. Болашағынан қауіптенген Батыс Еуропа елдері және Америка Құрама Штаттары күшті қауіпке қарсы ортақ альянс құруды көздеген.

Қазіргі таңда НАТО-ға қауіп төндіретін Кеңес одағы жоқ. Керісінше, Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Батыс Еуропаны алаңдатқан Шығыс Еуропалық елдер ұйымға мүше болып кірді. Оның үстіне НАТО шекарасы Мәскеуге мың шақырымға дейін жақындады. Қырғи-қабақ соғысы аяқталып, Кеңес одағы келмеске кеткенімен НАТО әлі де Мәскеуден қауіптенеді.

"The Qazaq Times"