Кеше, 24 мамырда "Түркістан – түрік әлемінің рухани астанасы: интеграция және ынтымақтастықтың болашағы" атты онлайн-конференцияда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркістанда ескерткіш орнату туралы ұсыныс айтылды. Мұндай ұсынысты ТҮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджи айтқан.
"Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістанда осы қаланың жаңғыруына ықпал еткен, сонымен бірге түркі халықтарының инеграциясына өлшеусіз үлес қосқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ескерткіш қоюды ұсынамын. Бұған негіз де көп. Мұндай идея түркі әлеміндегі дана ақсақалға деген ерекше құрметтен туындады, ол мемлекет басшысы бола отырып, түркі халықтарының бірлігін қолдады, қазақ халқын гүлдендіруге ұмтылып, тәуелсіздігін сақтап қалуға күш салды" деді Билал Чакыджи.
Ал конференцияға қатысушылар Чакыджидің ұсынысын қолдаған.
Соңғы жылдары Қазақстанда азаматтардың қарсылығына қарамастан, Назарбаевқа ескерткіштер қойылып, оның есімі көшеге, вокзалға, саябаққа, мектепке беріле бастады. Кейбір сарапшылар бұны "жеке басқа табыну" деп есептейді. Ал билікшіл көзқарастағы адамдардың ойынша, бұл – Назарбаевқа көрсетілген құрмет.
Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президент лауазымын сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт ТОқаевқа тапсырған. Ол президенттіктен кеткеніне екі жыл болса да елдегі биліктің бір тармағын әлі де қолында ұстап отыр.