«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры ақпарат министрі Аида Балаевадан экс-министр Абаевтан қалған, бүгінде із-хабарсыз «ішінен тынып жатқан» ведомствоның бұқаралық ақпаратты әзірлеу мен таратуды реттейтін жаңа заң жобасының дайындық барысын және оған қатыстыруды сұрады. Азаматтық қоғамды дамыту және оны елдің саяси өміріне етене қатыстыру туралы жиі айтатын министрлік аталған заң жобасын «жұмбақтап» отыр. Қазіргі таңдағы жұмыс тобы мен процесс қай кезеңде жүріп жатқаны жайлы дерек жоқтың қасы.

«Әділ сөз» қоры сұрау-мәлімдемесінде 2017 жылғы қарашада сол кездегі ақпарат министрі лауазымында болған Дәурен Абаев келер жылы (2018 жыл – QT) БАҚ қызметін реттейтін мүлдем жаңа заң әзірленетінін хабарлағанын еске алады. Абаев бұл заң жобасының бір емес, 2-3 жылда дайындалатынын айтқан.

Қор дерегінше, төрт жыл бұрын «Әділ сөз» министрлікке жаңа заң жобасын әзірлеуге атсалысу әрі ынтымақтастық жөнінде ұсыныспен жүгінген. 2018 жылғы қаңтар айында сол тұстағы вице-министр Алан Әжібаев өз атынан «ведомство ақпарат саласындағы жаңа заң жобасын әзірлеу басталарда міндетті түрде хабарлаймыз» деп уәде беріп, жауап хат жолдаған.

Бұған дейін 2018 жылдың соңына қарай министрліктің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директоры Бекзат Рахимов «Медиа құрылтайда» сөйлеген сөзінде: «Бұл жаңа заң болады. Біз қоғамға таныстыру нұсқалары жөнінде зерттедік. «БАҚ туралы» жаңа заң бола ма, әлде ол қолданыстағы заңдарды біріктіре ме? Ақпарат саласы бойынша біріздендірілген заң, онда БАҚ мәселелеріне арналған жекелеген тараулар болмақ» деген еді.

«Арада біршама жыл өтті. Президент халық үніне құлақ асатын мемлекет саясатын жариялап, дәйекті жүргізіп келеді. Оның азаматтық қоғамды адам құқықтары саласындағы заң шығару процесіне тарту туралы талабы көп мәрте айтылды. Алайда бұған азаматтық қоғам мен тілшілер қауымын қатыстырмақ түгілі жаңа заң жобасының жұмысы туралы әлі күнге дейін бірде-бір ақпарат жарияланбаған. Сонымен қатар, басқа да мемлекеттік мекмелер, атап айтқанда, Цифрлық даму министрлігі журналистердің құқығы мен сөз бостандығын негізсіз шектейтін заңнамалық жаңалықтарды ұсынып келед», – делінген ұйым мәлімдемесінде.

Осыған байланысты «Әділ сөз» тағдыры жұмбақ заң жобасын дайындау жолында жариялылық-ашықтық және ынтымақтастық танытуды сұрайды. Сондай-ақ, ең бастысы, қоғамның ұйымдық өкілі ретінде  осы бағытта көмектесуге тас-түйін дайын екенін мәлімдейді.

"The Qazaq Times"