Көктем туғалы Қазақстанда 125 мыңнан аса сырқат тіркеліп үлгерді. Республиканың үшінші толқында қызыл аймаққа өткеніне айдан асты. Күнделікті анықталып жатқан науқастар саны екі мыңнан, ал өлім жағдайы 20-дан азаяр емес. Бұл пандемия кезіндегі ең ауыр көрсеткіш. Салдарынан Қазақстан әлемде ең көп адам ауырған елдер қатарында бір сатыға көтеріліп, 46-орынға орналасты.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 5 мамырда коронавирус (КВИ+) жұққан 2443 адам, ал 4-і күні коронавирус пневмониясына (КВИ-) шалдыққан 177 адам тіркелді. Қазір елде 43 мыңнан аса адам (КВИ+ бойынша 42 792, КВИ- бойынша 461) ауырып жатыр.

#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың басым бөлігі әдеттегідей Алматы қаласы (658) мен астанада (250) тіркелді. Бұдан өзге  Қарағанды (240), Алматы (180), Ақмола (137), Павлодар (125), ШҚО (73), Қызылорда (73) облыстары және Шымкентте (65) дерт дендеп тұр. Өткен тәулікте аурудан айыққан 3816 адам үйіне жіберілген. Бұдан өзге сейсенбіде жиыны 37 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы 4 мамырда ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 105 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, Жамбыл (38), Алматы облысы (24) мен қаласы (16), ШҚО (16), Атырау (14), Маңғытау және Түркістан (әрқайсында он бір-он бірден) облыстарында көптеп тіркелген. Сонымен қоса, 80 адам айығып шыққан, тағы 6 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин дерегіне қарағанда, емделіп жатқан 43 253 науқастың 14 мыңы ауруханада, 28 мыңы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 780 науқастың жағдайы қиын, ондағы 195 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 121 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Атырау, Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан СҚО, Қостанай мен Түркістан облысы «жасыл аймақта». Алматы, ШҚО, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстары мен Шымкент  «сары», ал Ақмола, Жамбыл, БҚО, Павлодар,  Қарағанды облыстары, Алматы қаласы мен астана «қызыл аймақта» тұр.

Үкімет мәліметінше, көктем басында геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталған.

Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне кемінде 2 мың сырқат және 20 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Сәуір айындағы аурушаңдық наурызға қарағанда 2 есеге артты. Жалпы осы көктемде әзірге 125 мың (КВИ+ 121 мың, КВИ- 4 мыңдай) науқас анықталды. Сондай-ақ, өткен бірер айда ресми расталған өлімнің үштен бірі, яғни 1622 адам (КВИ+ 1361, КВИ- 261) өмірден қайтты.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 334,5 мыңнан, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 53 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 388 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 6275-і (КВИ+ / U07.1 – 3833, КВИ- / U07.2 – 823, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ескерер жайт, министрлік 2020 жылы КВИ- статистикасын есепке алмас бұрын жылдағыдан үш есеге өскен пневмонияның 256 мың жағдайынан (былтырғы қаңтар-шілде аралығындағы) коронавирустық түрін анықтап-зерттеуден бас тартқан. Мамандар осы кейстерді объективті түрде зерделегенде шынайы есеп қазіргіден әлдеқайда көп болар еді деп есептейді. Демек жоғарыдағы сан да нақты болмауы мүмкін.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында Эквадордан кейінгі бір сатыға көтеріліп, 46-орынға тұрақтады.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 1 млн 565 мың адам коронавирусқа қарсы ресейлік Sputnik V және отандық QazVac вакцинасының алғашқы дозасын алған.

"The Qazaq Times"