Алматы қаласының әкімдігі  кейбір ақпарат құралдарынада жарияланған «вакцинация паспорттын сату жөніндегі жаңа бизнес» туралы деректі жоққа шығарды.

Қоғамдық денсаулық басқармасы «мұндай іс-әрекеттің қылмыстық сипатта екенін және заңмен қудаланатынын» ресми түрде хабарлайды. Осы материал бойынша арнайы қызметтік тергеу жұмысы басталған.

Қазіргі уақытта вакцинациядан өткендігі туралы электрондық паспортты беру фактісі расталмады.

Әкімдік мәліметінше, барлық медициналық ұйымдар мен РЭДО-ның ақпараттық жүйесі жіті тексеріліп жатыр. Бұл ақпарат расталған жағдайда, тергеу материалды  тиісті шара қолдану мақсатында заңға сәйкес құқық қорғау органдарына берілмек. Басқарма өкілі қызметтік тергеу барысы туралы ақпарат кейіннен толықтыруға уәде етті.

Вакцина алуға келген азаматтарды тіркеу бөлімі. 17 емхана. Алматы қаласы. 28 сәуір 2021 жыл. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Алматыдағы эпидахуал

Елу күндей «қызыл аймақта» тұрған қалада сәуір айындағы аурушаңдық тұтас наурыздағы есепке қарағанда еселеп өсті (наурыз айы – 9631, 1-27 сәуір – 18 017 науқас). Қалада сейсенбі күні 700-дей сырқат анықталды. Оның 619-ында симптомдық белгілері бар, 76-ы симптомсыз.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте 398 адам ауруханаға жатқызылған және 460 адам үйіне жіберілген. Жалпы қалада 5502 адам амбулаторлық деңгейде емделуде және сыйымдылығы 6060 орын болатын инфекциялық стационарларда 3734 адам жатыр. Олардың арасында жағдайы жеңіл әрі орта деңгейде 125 бала бар. Бұдан өзге аурухандағы ересектердің 900-дейі ауыр және 3118-і орта хәлде. Ал реанимация және қарқынды терапия бөлімдерінде 246 науқас бар. 38 адам ӨЖЖ, 85 науқас инвазивті емес ӨЖЖ-ымен және 89 сырқат High flow аппаратымен тыныстап жатыр.

Ресми дерекке қарағанда, жалпыхалықтық вакцинациялау науқаны басталғалы, яғни 1 ақпаннан бері мегаполисте 194 мың адам екпе алған. Әкімдік мәліметінше, әзірге 210 егу пункті мен 309 егу бригадасында 1197 медқызметкер жұмыс істейді.

Былтыр бірінші толқында – «маусым-шілде қырғынында» 6372, қазан айында жүрген екінші толқында 3607 және биыл көктемгі үшінші толқында әзірге 27 648 жағдай тіркелді.

Алматыда пандемия кезінде коронавирус пен пневмония сырқаттарының қатары 58 мыңға жетті. Мұның 47.5%-ы, яғни 27 мың адам осы көктемде тіркелген. Өкінішке қарай, кейінгі екі айда 333 алматылық көз жұмған.

“The Qazaq Times”