Көктем туғалы Қазақстанда 90 мыңнан сырқат тіркеліп үлгерді. Республиканың үшінші толқында қызыл аймаққа өткеніне 25 күн болды. Күнделікті анықталып жатқан науқастар саны екі жарым мыңнан, ал өлім жағдайы 20-дан азаяр емес. Бұл пандемия кезіндегі ең ауыр көрсеткіш. Салдарынан Қазақстан әлемде ең көп адам ауырған елдер қатарында бір орынға көтеріліп, 48-орынға орналасты.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 22 сәуір коронавирус жұққан 2894 адам, ал 21-і күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 35 адам тіркелді. Қазір елде 40 мыңнан аса адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 39 943, U07.2 немесе КВИ- бойынша 498) ауырып жатыр.

#COVID ПТР тесті арқылы коронавирус жұққаны расталған науқастардың басым бөлігі әдеттегідей Алматы қаласы (698) мен астанада (511) тіркелді. Бұдан өзге  Қарағанды (228) және Ақтөбе (226) өңірлерінде дерт дендеп тұр. Одан кейінгі қатарда ең көбі – Алматы облысында (195), БҚО (181), Атырау (181), Шымкент (131), Ақмола (126) облысында. Өткен тәулікте аурудан айыққан 2307 адам үйіне жіберілген. Бұдан өзге сәрсенбі жиыны 29 адам қайтыс болған.

#COVID_пневмониясы 21 сәуір ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 107 науқас есепке алынды. Ведомство дерегінше, Жамбыл (27), ШҚО (14), Алматы облысы (11), Атырау облысы мен Алматы қаласында (әрқайсында он-оннан) көптеп тіркелген. Сонымен қоса, 80 адам айығып шыққан, өкініштісі 3 адам көз жұмған.

#Жалпы  ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 40 441 науқастың 14 мыңы ауруханада, 26 мыңы амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 689 науқастың жағдайы қиын, ондағы 171 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 97 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан СҚО мен Түркістан облысы «жасыл аймақта». Павлодар, Алматы, ШҚО, Жамбыл, Қостанай облыстары «сары», ал Атырау, Ақмола, Ақтөбе, БҚО, Маңғыстау, Қызылорда,  Қарағанды облыстары, Алматы, Шымкент қалалары мен астана «қызыл аймақта» тұр.

Үкімет мүшелерінің мәліметінше, геномдық зерттеу нәтижесінде елдің басым бөлігінен вирустың бразилиялық, британдық және оңтүстікафрикалық штамдары анықталған.

Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне кемінде 2,5 мың сырқат және 20 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Сәуір айының үш аптасында табылған кейстер саны – 55 мың сырқат және 510 өлім жағдайы. Бұл тұтас наурыз айынан 20 мыңға артық. Жалпы көктемнің елу күнінде 90 мың (КВИ+ 87 мың, КВИ- 3 мың) науқас анықталды, 876 адам (КВИ+ 740, КВИ- 136) өмірден қайтты.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 301 мыңға жуықтап, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 52 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 353 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 5895-і (КВИ+ / U07.1 – 3512, КВИ- / U07.2 – 764, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ескерер жайт, министрлік 2020 жылы КВИ- статистикасын есепке алмас бұрын жылдағыдан үш есеге өскен пневмонияның 256 мың жағдайынан (былтырғы қаңтар-шілде аралығындағы) коронавирустық түрін анықтап-зерттеуден бас тартқан. Мамандар осы кейстерді объективті түрде зерделегенде шынайы есеп қазіргіден әлдеқайда көп болар еді деп есептейді. Демек жоғарыдағы сан да нақты болмауы мүмкін.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 48-орында тұр.

Үкіметтің соңғы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 823 мың адам коронавирусқа қарсы ресейлік «Sputnik V» вакцинасының алғашқы дозасын алған.

"The Qazaq Times"