Денсаулық сақтау министрлігі QT сұрау хатына берген жауабында АҚШ пен Қытай вакциналары бойынша 1 млн доза көлемінде келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді.

14 сәуірдегі ОКҚ алаңында өткен брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов редакция сұрақтарына жазбаша жауап беруге уәде еткен еді. Ресми жауапқа қарағанда, Қазақстан халқын вакцинациялау бағдарламасымен толық қамту үшін министрлік қазіргі таңда «Sinopharm  (Қытай) және Pfizer (АҚШ) сияқты өндірушілермен 1 млн доза мөлшерінде қосымша екпе жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр». Дегенмен екі компаниядан алынуы мүмкін жоспарлы көлемі айтылмаған.

Осыған дейін Цой 30 наурыздағы брифингте Pfizer, Johnson & Johnson, Moderna екпесін сатып алу үшін келіссөз жүргізіп жатқанын жеткізген еді. Жарты ай өткеннен кейін ведомство батыс елдерінің екі өндірушісін атамады. Сәуір айының алғашқы Үкімет отырысында министр Алексей Цой айдың соңына дейін 2 млн доза екпе жеткізілетінін, оның шетелдік «өзге өндірушілерден» келетін 500 мың данасы елге 27 сәуірден бастап егіле бастайтынын хабарлаған.

АҚШ-Германия компаниялары бірлесіп әзірлеген Pfizer-BioNTech (BNT162b2) екпесін ауқымды көлемде алғаш қолданған елдер қатарында АҚШ, Ұлыбритания және Израиль (халқының 80%-ы алған) бар. Өндірушілердің мәліметінше, -70°C ауа температурасында сақталуы тиіс вакцинаның алғашқы дозасынан кейін-ақ бірден тиімділігі 95%-ды көрсетеді. Арада 21 күн өткен соң екінші дозасын салдыру қажет. Жыл соңына дейін 1,3 млрд дозасын өндіру жоспарланған.

2,4 млн азаматы екпе алған Австрияның Денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздік жөніндегі федералды агенттігі 27 желтоқсан-16 сәуір аралығындағы екпе науқанының есебін жариялады. Pfizer-BioNTech вакцинасын алған 64 адам қайтыс болған және 4820 адам жанама әсерін сезінген. Дегенмен бір өлім жағдайының вакцинаның себебінен екені дәлелденген, яғни барлығы екпе кесірінен қайтыс болмаған. ДДСҰ аталған вакцинадан бас тартпауға шақырып, оны қолдану нұсқаулығын толықтырды. Pfizer вакцинасының түрлі штамға бірдей төтеп бере алмайтыны айтылады. Алайда әзірге бірде-бір екпе мутацияланған штамның барлық үлгісінен қорғауға кепілдік бере алмайды.

Қазақстанда 1 ақпаннан бері 766,5 мыңнан аса адам ресейлік Спутник V екпесінің алғашқы дозасын алған. Оның  126 мыңы екі дозаны толық салдырған. Үкіметтің жалпыхалықтық вакцинация науқанын жүргізуге арналған жоспары мен іске асыру барысы қоғам мен Ақорда тарапынан қатты сынға ұшырады. Екпенің басталғанына екі жарым ай өтсе де процесс баяу өтіп жатыр.

"The Qazaq Times"