Иран мен державалар арасында ядролық келісімді қайта талқылау Венада басталды. Иран келіссөз делегацисын бастап барған Аббас Арақчи отандық арналарына мәлімет беріп, алғашқы адымда маңызды жетістікке жеткендерін, алайда түпкілікті мақсатқа жету үшін әлі көп келіссөздердің тұрғанын айтқан.
Сенбіде Еуропа Одағы жасаған ресми мәлімдемеде, Венадағы келіссөзге ЕО ресми тұлғалары мен Ұлыбритания, Қытай, Франция, Германия, Ресей және Иран өкілдері қатысатыны айтылған.
«Тараптарда жаңа түсіністік пайда болып жатқан сияқты, барлық тараптар түпкі мақсатта ортақ пікірге ие. Алайда, алда тұрған жолымыз тегіс емес, ал кейбір елеулі айырмашылықтар да бар», – деген Арақчи мәлімдемесінде.
Келіссөзге қатысқан Қытай өкілі де өз елінің ақпарат құралдарына мәлімдеме жасаған. Оның айтуынша, 2015 жылғы келісімге қол қойған басқа елдер мәселені шешуге күш салуға келіскен. Соның қатарында АҚШ-тың Иранға қарсы санкция мен Теһранды келісімге қайтару мақсатында қабылданатын шараларды тоқтату мәселесі де бар.
Қалай болмасын Иранның келіссөз үстеліне келуінің өзі аса маңызды жаңалық. Осы аптада Иран байытылған уран концентрациясын 60 пайызға дейін арттыратындығын мәлімдеді, бұл алдыңғы деңгейден үш есе жоғары. Осының өзі келісімге үлкен ықпал етері даусыз. 60 пайызға байытылған уран Иранның келіссөздегі ұпайын арттыратын мықты көзіріне айналады.
Өткен аптада Иранның маңызды ядролық кешеніне кибер-шабуыл жасалған болатын. Оған жауап ретінде Теһран уран байытудың жаңа деңгейін жария етті. Венада келіссөз басталғалы жатқанда Иран мемлекеттік арналары Натанз ядролық мекемесіне жасалған шабуылға күдікті азаматтың атын жариялаған. Мәліметте Реза Карими есімді күдіктінің шабуылдан бірнеше сағат бұрын Ираннан қашып кеткені айтылған.