Чехия билігі 2014 жылы қару-жарақ қоймасында болған жарылысқа Ресейдің қатысы бар деген күдікпен 18 ресейлік дипломатты ел аумағынан шығару туралы шешімге келді.
Чехия премьер-министрі Андрей Бабиштің мәліметінше, Чехияның құқық қорғау органдары Врбетиц ауылындағы ауқымды жарылысқа Ресей әскерилерінің қатысы барын дәлелдеген. Жеті жыл бұрын орын алған бұл оқиғадан Чехияға зор шығын келген. Сонымен қатар жарылыс кезінде екі чех азаматы опат болды.
Еліне қайтарылып жатқан дипломаттар Чехия аумағынан алдағы 48 сағаттың ішінде шығуы керек. Бұған дейін Чехия Сыртқы істер министрі Ян Гамачектің Мәскеу сапарынан бас тартқаны белгілі болды. Бұл сапарда ол «Спутник V» вакцинасын сатып алу жөнінде келіссөз жүргізбек болған. Бұл жоспары үшін Гамачекті өз коалициясындағы әріптестері де, оппозиция да сынға алды.
Соңғы кездері Ресей сыртқы саясатта ірі тосқауылдарға тап болып жатыр. Өткен аптада Польша сыртқы істер министрлігі де 3 ресейлік дипломатты еліне қайтарған. Олар дипломатиялық қатынасты бұзды деп айыпталды. Ал АҚШ Қырым аннексиясы мен Донбастағы жағдайға байланысты Ресейге кезекті мәрте санкция енгізген.
Ақ үй әкімшілігі енгізген шара бойынша 30-ға жуық заңды және жеке тұлғаларға шектеу шаралары енгізіліп, 10-ға жуық ресейліктер АҚШ-тан шығарылады. Санкция тзіміне енетіндер қатарында шенеуніктер мен барлау қызметкерлері бар. Сонымен қатар, Джо Байден америкалық қаржы ұйымдарына рубльмен ұсынылған бағалы қағаздарды сатып алуға тыйым салу туралы Жарлыққа қол қоймақ. Ал Ресей бұған қарымта жауап ретінде Ресей де АҚШ дипломатиялық миссиясының 10 қызметкерін елден шығаратынын мәлімдеді.