Кеше АҚШ-тың Ауғанстандағы «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының содырларын бомбылағаннан кейін. Ресей Өзбекстанға әскери техника беретінін мәлімдеді. Бұл дегеніміз ресми Мәскеу Ауғанстандағы АҚШ әрекетіне алаңдаулы деген сөз бе?. Орталық Азияда Қазақстанның рөлі қандай?. Осы және өзгеде сұрақтарға бүгін жауап іздеп көрдік.
Сүриядағы Ресей мен АҚШ текетіресі енді Ауғанстан аумағында да өз жалғасын табатын сияқты. Ресми Кремль, АҚШ-тың Ауғанстандағы әрекетіне қарсы ешқандай мәлімдеме жасамағанымен, Өзбекстанға әскери техника жеткіземіз деп айтуы арқылы өз көзқарасын білдіргендей сыңай танытты. Таяу шығыстан бөлек Орталық Азия үшін күрес, Ақүй мен Кремль арасында баяғыдан жүріп келе жатқаны белгілі. Ал бұл жағдайда Қазақстан «барикаданың» қай жағында болатыны әзірге белгісіз болып тұр. Батыстық басылымдар Ақорда басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу жөніндегі Қазақстан халқына үндеуін, ресми Астананың Батысқа бет алысы деп бағалап жатыр. Ал Ресейлік БАҚ өкілдері латын әліпбиін жерден алып, жерге салып сынауда.
Жақында Ресей президенті Владимир Путин «Мир» теле арнасына берген сұхбатында «ТМД елдерінде сыртқы күштерге «түрлі түсті» революция жасауға жол бермейміз» - деген болатын. Ал Қазақстан билігі батыс басылымдары жазғандай Ресейден алшақтап, батысқа қарай бет алатын болса, «түрлі түсті» революцияға жол бермейтін жұрттың өзі, Украинадағыдай ел тыныштығын бұзуы ғажап емес. Бұндай жағдайда Қазқастанның мұнай өндіру саласына қыруар қаржы салған Қытай не дейді екен?... Ол жағы әрине беймәлім. Байқап қарасақ тәуелсіздік алған жылдарымен салыстырғанда Қазақстандағы пайдалы қазба байлықтарды өндіруде АҚШ, Италия, Ұлыбритания сынды мемлекетердің үлес салмағы азайып, Қытайлық компаниялардың саны артқан. Бірақ бұл дегеніміз ресми Бейжің бізді қиын-қыстау заманда қолдайды деген сөз емес әрине. Бұл Қытай бізді қаржылай, экономикалық тұрғыдан өзіне тәуелді қылуы мүмкін деген қауіптің бар екендігі. Биліктің жерді жалға беру, 26-бапқа өзгертулер енгізу керек дегеніне халықтың наразылық танытқаны содан. Өйткені қазақ халқы Қытайдың соғыссыз жаулап алатынын тарихтан жақсы біледі.
Қорыта келгенде қазір Қазақстан «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» өтетін өтпелі кезеңде тұр. Ел билігі 25 жыл бойы ұстанып келген «көп векторлы» саясаттың нағыз сынға түсетін сәті келген сияқты.
“The Qazaq Times”