Мәскеу Уашингтонның Ауғанстаннан әскерін кері шегіндіру мерзімін ұзартқанына наразы. Бұндай пікірді Путиннің Ауғанстан ісі бойынша арнайы өкілі Замир Кабулов білдірді. Оның айтуынша америкалық әскерлердің кері шегіну мерзімінің ұзаруы елдегі бейбітшілік процесіне кері әсер етеді екен.
Былтырғы келісім бойынша Ауғанстаннан АҚШ әскерлерінің кері шегінуіне берілген шекті мерзім жақындағанда, Байден әкімшілігі бұл мерзімді тағы алты айға ұзартып, 11 қыркүйекке дейін шығып кетеміз деп мәлімдеді. Осы тұста тәліптер Стамбулда ертең, 16 сәуір басталғалы тұрған Ауғанстан тақырыбындағы келіссөзден бас тартты. "Талибанның" мұндай шешімін көп тарап күтпеген еді. Кейбір сарапшылар тәліптердің келіссөзден бас тартуының артында Мәскеу тұрған болуы да мүмкін деп болжам жасаған.
"АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кері шегінуінің кешеуілдеуі бейбітшілік келісімін қиындата түседі. Себебі, бұл АҚШ пен "Талибан" арасындағы келісімнің ашық түрде тапталуы", – деді Путиннің арнайы өкілі Кабулов. Бұл АҚШ шешіміне қатысты Мәскеудңі ресми көзқарасы. Кабулов сондай-ақ Байден билігі тәліптерге бұл шешімі туралы түсініктеме беруі керек екен. Путин өкілінің сөзін жоғарыдағы болжамды растай түскендей.
Қазір, Еуразиядағы геосаяси жағдай күрделіден дамып, шым-шытырық күйде тұр. Қара теңіз және Ресей мен Украин шекарасында әскери белсенділік әлемді алаңдатарлық деңгейде. Осы кезде Ауғанстан, Иран тақырыптары қайта өзектілене түсуде. Мәскеудің кейбір біртарапты қыңыр шеімдері өңірдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне кері әсерін анық көрсетіп жатыр.