Денсаулық сақтау министрлігі елдегі жұқпалы ауруларға арналған орынның 41%-ы бос емес екенін, сондай-ақ Алматы қаласы мен облысы және астанадағы жағдай нашарлағанын мәлімдеді.

Үш өңірде ауруханаға түскен сырқаттар саны елеулі түрде артқан.

«12 сәуірдегі жағдай бойынша, республикадағы жұқпалы ауруларға арналған 30 109 төсек-орынның 41%-ында науқастар жатыр. Резерв ретінде қосымша 30 025 төсек-орын әзірленген. Елордада, Алматы қаласы мен облысында жүктеме ұлғайды. Астана мен Алматыда әрқайсында шамамен 1,2 мың орыннан резерв қоры бар», – деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Ресми дерекке сенсек, ауруханаға жатқызылғандар қатары да көбейген. Министрдің мәліметінше, 12 наурызда ауруханада 4713 адам жатқан болса, ал 12 сәуір 12 349 адам стационарда емделіп жатыр. Қазіргі таңда реанимация бөлімшелерінде 2752 орынның  27%-ы жұмыс істеп тұр.

«Астанадағы жансақтау бөлімшелері 66%, Алматы қаласында 50% жүктемеде жұмыс істеп жатыр. Ондағы сырқаттар саны 2,4 есеге артты» деді ол.

Жексенбі күні қалада 610 адамнан коронавирус анықталды. Ал сенбіде 5 адам қайтыс болған. Осы уақытқа дейін Алматы қаласында әр 100 мың тұрғынның 1,1 мыңына вирус жұққан. Бұдан өзге коронавирус пневмониясымен ауырғандар бар. Өткен аптадағы жағдайға сай, репродуктивті көрсеткіш (R саны) – 1,2 болған.

*11 сәуір тіркелген 610 науқастың 529-ында симптомдық белгілері бар және 81-і симптомсыз. Сыйымдылығы 6,1 мың болатын инфекциялық стационарларда  3872 адам жатыр. Сондай-ақ, 260 науқас ауруханаға жатқызылған және ауруынан айыққан 69 адам үйіне шығарылған.

*Соңғы азат жолдағы ақпарат әкімдіктің ресми мәліметі кешіккендіктен қайта толықтырылды.

"The Qazaq Times"