Еуропалық Парламенттің жетекші фракциясының басшысы Манфред Вебер Украинаның шығысындағы жағдайдың ушығып, түзету колониясында жазасын өтеп жатқан Алексей Навальныйдың денсаулығы нашарлаған жағдайда Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдатуды ұсынды.

Funke медиа-тобына сұхбат берген саясаткердің айтуынша, Ресей мемлекеттер арасындағы арандатушылықты жалғастырып келеді. Егер Мәскеу агрессиялық саясатын тоқтатпаса, АҚШ пен Еуроодақ экономикалық санкцияларды қатаңдату керек. Сонымен қатар, саясаткер жаңа санкциялар аясында Ресей олигархтарының қаражаты бұғатталып, Ресейдің SWIFT банк жүйесінен шеттетілуі мүмкін екенін айтты. Бұл Ресей газын Балтық теңізі арқылы Германияға жеткізетін «Солтүстік ағыс-2» газ құбырының құрылысын қиындатуы ықтимал.

Биыл ақпанның соңынан бастап Донбаста атысты тоқтату туралы келісім өрескел бұзылып, Ресей-Украина қақтығысы қайта бағыт алды. Екі жақта да қаза тапқандар бар. Олардың дені сарбаздар және бейбіт тұрғындар да бар. екі ел арасындағы жағдай Баты елдерін алаңдатып отыр.

Қазір Ресейдің тұрақсыздандырушы әрекеттері Украинаның шығысындағы шиеленісті ушықтыра бастаған. Наурыздың соңында Тhe New York Times газеті Мәскеудің Украина шекарасына 4000-ға жуық әскер жібергенін жазды. Басылымның мәліметінше, Ресей 23 наурызда аяқталған әскери жаттығулардан кейін Украина шекарасына жақын аймақтан әскер шығармағандықтан, АҚШ пен Еуроодақ бұл жағдайды қатаң бақылауға алған. Себебі шекараға әскер жіберу – мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сонымен бірге, әлеуметтік желілерде Ресей Брянск, Воронеж және Ростов облыстарына, аннексияланған Қырымға да әскерилер жіберіп жатқандығы туралы хабарламалар жарияланды.

"The Qazaq Times"