Алматы қаласында сырқаттар санына қатысты рекорд тағы да жаңарды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қалада эпидемиологиялық жағдай нашарлап кеткенін растады. Биылға ПТР тесті оң шыққан 21 мыңнан астам адам тіркелді. Сәрсенбі күні 717 сырқат анықталды. Оның 630-ында симптомдық белгілері бар, 87-сі симптомсыз.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми мәліметінше, өткен тәулікте 400 адам ауруханаға жатқызылған және 491 адам үйіне жіберілген. Наурыз айының ортасында бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин бір күнде ауруханаға жатқызылғандар саны 500-ден асса, қалада локдаун күшейтіліп, блок-бекет қойылатынын ескерткен.
Тәуліктегі өсім 1,8. Кейінгі 7 күнде 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіші 231,3 болды. Алдыңғы аптада бұл 215,2 еді. Жалпы қалада дайындалған 6,1 мың орынның 3520-сында сырқат емделуде. Ондағы 2,7 мың адамның жағдайы нашар, 692 адам ауыр және 86 науқас тым ауыр хәлде. Сондай-ақ, 71 бала жеңіл және орташа күйде стационарда жатыр.
Былтыр бірінші толқында – «маусым-шілде қырғынында» 6372, қазан айында жүрген екінші толқында 3607 және биыл көктемгі үшінші толқында әзірге 14 582 жағдай тіркелді.
Алматыда бір жылда коронавирус пен пневмония сырқаттарының қатары 45 мыңнан асқан. Мұның 32,5%-ы, яғни 14 мың адам осы көктемде тіркелген. Өкінішке қарай, осы аралықта 155 алматылық көз жұмған. Осы күнге дейін қалада 49 мың тұрғын вакцинаның алғашқы және 12 мыңы екінші дозасын салдырған.
БАӘ, Мысыр, Мальдив, Испания, Түркия, Грузия, Беларусь, Шри-Ланка, Сауд Арабиясы, ҚХР, Оңтүстік Корея, Германия, Украина, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан тәрізді елдерден Алматы қаласына 1 наурыздан бері жүздеген халықаралық әуе рейсі келді. Көктем туғалы Алатау баурайына 609 рейспен 88 мың жолаушы ұшып келген: 84 мың адам ПТР қорытындысымен, 4539 адам ПТР анықтамасынсыз. Осының салдарынан жұғу және өлімге соқтыру қатері жоғары британдық және оңтүстікафрикалық штамдар тіркеліп, өзге өңірлерге таралған.
Елде қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, десе де наурызда қайта артты. Қазір тәулігіне 2 мыңға жуық сырқат және 15 шақты өлім жағдайы тіркеліп жатыр. Көктем туғалы 52 мыңнан аса (КВИ+ 50,5 мың, КВИ- 1,8 мың) науқас анықталды, 511 адам (КВИ+ 418, КВИ- 93) өмірден қайтты. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин кейінгі бес аптада 10 қаулы шығарды. Себебі қабылданған ереже мен қатаңдатылған локдаун шарасы күткендей нәтиже бермеді. Мұны дүйсенбі күнгі брифингте Бекшин демалыс күндері қоғамдық көлікті тоқтату және сауда қатарларының жұмысын шектеу сияқты шешім «тиімсіз болмағанын», яғни бұдан індет ахуалы жақсармағанын мойындады. Ол үш аптадан аса уақыт «қызыл аймақта» тұрған қалада тіркеліп жатқан науқастар вирусты «көбіне жаяу жүргіншілердің жолдары мен саябақта» жұқтырғанын айтады.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 264 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 51 мыңға жеткен. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 315 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Сондай-ақ пандемия кезінде жалпы вирус жұққандардың 5,5 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 3190, КВИ- / U07.2 – 721, ілеспе аурулардан – 1619) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді.