- Сіз Путинді қанішер деп есептейсіз бе?
- Иә!
Байденнің АВС телеарнасындағы осы сұхбатынан кейін Ресей Вашингтондағы елшісі Анатолий Антоновты екі ел саясатын талқылау үшін Мәскеуге қайтарды. Бұл туралы СІМ өкілі Мария Захарова хабарлады.
«Біз үшін ең бастысы – Вашингтон мен Мәскеу арасындағы деградацияға кеткен саясатты қалпына келтіру. Тараптар дипломатиялық қарым-қатынастың болашағын нақтылауы тиіс», – деді Захарова.
Сұхбатта Мәскеудің 2020 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласқаны жайлы баяндаған америкалық барлау қызметінің есебі сөз болған. Байден егер Ресейдің сайлауға араласқаны расталса, оның арты жақсылыққа апармайды деп Путинге ескерту жасады.
Ақ үй басшысының сұхбаты мен санкциялардан кейін ресейлік акциялар нарығы, рубль құлдырады. Доллар бағамы 1,13 рубльге, еуро бағамы - 1,33 рубльге, 88,08 рубльге дейін өскен. Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володин өзінің Telegram парақшасында: «Байденнің бүгінгі мәлімдемесі ақылға сыймайды. Демек, демократиялық принциптер мен моральды бірінші рөлге қоятын мемлекеттің басшысы өзін ұстай алмайды деген сөз. Біздің мемлекет басшымыз туралы мұндай пікір айтуға ешкімнің құқығы жоқ. Байден өз мәлімдемесімен еліміздің азаматтарын қорлады. Путин – біздің президент, оған жасалған шабуыл – біздің елге жасалған шабуыл!», – деп жазған.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Дженнифер Псаки 17 наурызда «Ресей өзінің әрекеті үшін жауап береді» деп мәлімдеді. Бұған дейін АҚШ барлау қызметі арнайы баяндамасында Мәскеу 2020 жылы АҚШ-тағы президент сайлауына араласты деген тұжырым жасаған.
18 наурызда АҚШ Сауда департаменті Сергей Скрипаль мен Юлия Скрипаль және Алексей Навальныйдың улануына байланысты Ресеймен сауда-саттықта жаңа шектеулерді қатайтты. Оған сәйкес, АҚШ ұлттық қауіпсіздікке қатысы бар тауарлар мен технологиясын Ресейге экспорттауды тоқтатады. Мәселе қорғаныс саласында қолданылатын өнімдер мен түрлі мақсатта қолданылуы мүмкін тауарлар жөнінде болып отыр. Соның салдарынан Ресейдің авиация және ғарыш саласы ірі мәселеге кезігуі мүмкін. Жаңа сауда шектеулері бүгіннен бастап күшіне енеді.
Скрипальдар отбасы уланғаннан кейін Америка билігі химиялық қаруға тыйым салу туралы 1991 жылы қабылданған заң аясында екі санкция салған. Навальныйдың улануына байланысты былтыр тамыз айында және биыл наурыз айында соған ұқсас шаралар қолданылды. Қара тізімге бірқатар жеке және заңды тұлғалар енген, арасында ресейлік ғылыми институттар да бар.
Сейсенбіде АҚШ-тың Ұлттық барлау қызметінің құпия есебі жарияланды. Баяндамада Путин Джо Байденнің беделін түсіру туралы бұйрықа бергені жазылған. Сонымен қатар, авторлар: «2020 жылы бірде-бір шетелдік держава Ресейдің сияқты сайлауға әсер ету мақсатында кең ауқымды науқан жүргізуге тырыспады. Ал Ресей демократиялық партияның электрондық поштасына хакерлік шабуыл жасап, әлеуметтік желілерде фейк хабар таратты», – дейді.
Өз кезегінде Вашингтондағы Ресей елшілігі де, Кремль де америкалық барлау қызметінің есебін «негізсіз және дәлелденбеген ақпарат» екенін айтты. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл жөнінде: «Біз бұл баяндама қорытындысымен келіспейміз. Ресей 2020 жылғы сайлауға араласқан жоқ. Кандидаттардың сайлау науқанына да қатысқан жоқ. Сол себепті бұл есеп негізіз», – деп мәлімдеді.