Беларусьте билікке қарсы өткен наразылық акциясында 400-ден астам адам қамауға алынды. Бұл туралы Беларусь Бас прокуратурасы хабарлады.
Прокуратура мәлімдемесінде: «Құқық бұзушылық, қылмыс жасаған азаматтардың барлығын жауапкершілікке тартамыз. Елде ұлттық және әлеуметтік қауіпсіздікті, мемлекет пен қоғамның дамуын қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдарының жұмысы алдағы уақытта бұрынғыдан да қарқынды болады», – делінген.
Қазір Беларуьсте тәуілсіз журналистер мен ұйымдарды тінту, митингке шыққан азаматтарды тергеуге алу жалғасып жатыр. Бүгін ресми тіркелмеген «Весна» құқық қорғау орталығында тергеу жұмыстары басталған.
17 ақпаннан бастап Беларусьте полиция ондаған журналист пен құқық қорғаушыларға тінту жүргізіп жатыр. Қауіпсіздік қызметкерлері 2020 жылғы наразылық шерулерінің шетелден қаржыландырылғандығы туралы дәлел іздестірген. Минскіде олар Беларусь журналистер қауымдастығының басшылығына да тінту жүргізді. Кейіннен полиция ұйымның кеңсесіне де барды. Бұл тәуелсіз ұйым 1995 жылы Беларусь журналистерінің ресми Одағына қарсы құрылған.
9 тамыз Беларусьте президенттік сайлау өтті. Сол күні ОСК Александр Лукашенконың 80,10% дауыс жинап, жеңіске жеткенін хабарлады. Сайлау нәтижелерін мойындаудан бас тартқан Светлана Тихановская кандидат ретінде 10,12% дауыс жинаған. Дауыс беру қорытындылары шығарылғаннан кейін елде жаппай наразылық акциялары басталды. Ірі қақтығыстар кезінде полиция шеруге шыққандарға қарсы оқ атып, күшпен басып-жаншуға тырысты. Қазір Беларусьте жергілікті наразылық акциялары әлі де жалғасуда.